«Болашаққа сенім – өмірге төзімділікті күшейту: COVID-19-дан кейінгі қайта жаңғыру, орнықты қалыпқа келу, әлем қажеттіліктерін қанағаттандыру, адам құқықтарын құрметтеу және Біріккен ұлттар ұйымының қызметін жандандыру»
Құрметті төраға!
Құрметті Бас хатшы!
Ханымдар мен мырзалар!
Құрметті төраға, Сізді жетпіс алтыншы сессия жұмысына төрағалық етуіңізбен құттықтаймын.
Мен өз баяндамамда, ең алдымен, барлығымыз бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерге, атап айтқанда, COVID-19 пандемиясынан кейін қайта қалыпқа келу, Климат дағдарысы және Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай мәселелеріне назар аудартқым келеді.
Соңғы бір жылдың ішінде COVID-19 індетінен қайтыс болғандардың саны 32 миллионнан 225 миллионға дейін күрт өсті.
Біздің қысқа мерзімде қауіпсіз әрі тиімді вакцина әзірлей алған денсаулық сақтау саласының барша қызметкерлеріне, ғалымдар мен вакцина жасаушыларға алғысымыз шексіз.
Алайда коронавирустың экономикалық және әлеуметтік салдары әлі де ауыр. Жұмыссыздық белең алып, миллиондаған адам күнкөріс табысынан айырылды. Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке ұшырады. Даму бағытындағы ондаған жылғы прогресс құрдымға кетуі мүмкін.
Пандемия көптеген саладағы осал тұстарымызды, мультилатерализм мен халықаралық ынтымақтастықтың аса маңызды екенін анық көрсетті. Біз барынша әділ, орнықты әрі гуманистік әлем қалыптастыруға міндеттіміз.
Вакцинаға қолжетімділіктің жалпыға ортақ әрі әділ қағидасын қамтамасыз етуден бастау қажет. Бұл мәселені шешуде жаһандық этика мен ниеттестікті басшылыққа алған жөн. Вакциналар бойынша әділетсіз теңсіздік қоғамдағы алшақтықтың артуына алып келеді.
Халықаралық валюта қорының мәліметінше, «вакцина алған» дамыған экономикалар мен «вакцина алмаған» дамушы экономикалар арасындағы алшақтықтың артуы салдарынан экономиканы қалпына келтіру үдерісі «жаһандық» болып есептелмейді. Бұл 2025 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімнің 4,5 триллион долларға кемуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Біз вакциналарға жаһандық қолжетімділікті барынша әрі тез кеңейтуге міндеттіміз. Қазақстан өзінің QazVac вакцинасын сәтті шығарды. Тағы екі вакцина әзірленуде. Бұл вакциналармен екіжақты негізде немесе COVAX жүйелері арасында бөлісуге дайынбыз.
Дүниежүзілік сауда ұйымы негізгі медицина тауарларын тұрақты жеткізу тізбегі мен вакциналарға әділетті қол жеткізуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қараша айында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлерінің 12-конференциясының төрағасы ретінде, Қазақстан ДСҰ мүшелерін COVID-19 індетіне қарсы нәтижелі шаралар қабылдауға шақырады.
Сонымен бірге, лицензиялар, технологиялар мен техникалық қолдау мәселелері бойынша үкіметтер мен фармацевтикалық өнеркәсіптер арасында мақсатты ынтымақтастық орнату қажет.
Бұл ретте, экономиканы жандандыру технологиялар саласындағы шиеленісті қоса алғанда «белгілі әрі белгісіз» басқа да факторларға байланысты. Түрлі технологиялар мен қағидалардың салдарынан бөлінуге әкеп соғатын әлемдік экономиканың «экономикалық темір перде» сценариі шындыққа айналып келе жатқандай.
Бұл жаһандық саудамен және технологияларды тасымалдаумен айналысатын мемлекеттерге үлкен кедергі келтіруі мүмкін. Олар біржақты шешім қабылдаудан қашып, технологиялар мен геосаясаттың тоғысатын жеріндегі кедергілерді азайту мақсатында «Технологиялық қосылмау қозғалысын» ұйымдастыруға мәжбүр болады.
Ханымдар мен мырзалар!
Көмірқышқыл газының деңгейі өте жоғары. Ормандардың өртке орануы, циклондар, су басу мен құрғақшылық адамдарға апат алып келетін қалыпты жағдайға айналуда. Бірақ олардың алдын алуға болады.
Теңізге шығатын жолы жоқ, ірі мемлекет болып саналатын біздің еліміздегі климат тез өзгеруде және халқымыз бен экономикамызға қауіп төндіруде.
Соңғы 75 жылдың ішінде жылдық орташа температура 2 градусқа жылынып, қазіргі уақытта әр бес жыл сайын қуаңшылық қайталануда.
Осыған байланысты Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуды көздейді. Келесі айдан бастап Қазақстан 2008 жылғы деңгеймен салыстырғанда ішкі жалпы өнімнің энергия шығынын 50 пайызға азайтуға бағытталған 2050 жылға дейін көміртегі аз ұлттық стратегияны дамытуды бастайды.
Еліміздегі электр қуаты өндірісінің 70 пайызға жуығы көмірге тәуелді болғандықтан, энергетикалық ауысу күрделі мәселе болып отыр.
Бұл ретте, экологиялық қаржыландыру және «жасыл» технологиялар ерекше рөл атқарады. Алда болатын Глазгодағы 26-шы Климаттық Саммит осы мәселелерге бейілді екенімізді көрсетеді. Қаржыландыру жеткіліксіз болған жағдайда климатты өзгерту жөніндегі үлкен іс-қимылдардың барлығы бос сөзге айналады.
Сондай-ақ біз, 2021 жылдың қазан айында Куньминде өтетін Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі Конвенция тараптарының 15-мәжілісіне баса мән беріп отырмыз.
***
Ауғанстан мәселесіне келетін болсақ, біз келіссөздер өткізу арқылы инклюзивті және сайланған жаңа үкімет құру жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің үндеуін құптаймыз.
Құндылықтары немесе этникалық, діни және гендерлік ұстанымдары жағынан әртүрлі топтар бір мемлекетте өмір сүре алатындай бәтуаластыққа негізделген жүйе құру қажет.
Жалпы, Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс.
Өзіміздің саяси немесе жеке пікірлерімізге қарамастан, ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз.
Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдайға баса мән беруіміз қажет. БҰҰ мекемелері мен басқа да гуманитарлық ұйымдарға жылдам, қауіпсіз әрі кедергісіз гуманитарлық қолжетімділік берілуі тиіс.
Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы мен БҰҰ-ның Ауғанстандағы басқа да бөлімшелерін дер кезінде көшіріп алды. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға және өзіміздің қомақты үлесімізді қосуға дайынбыз.
Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық хабын құру жөніндегі біздің бастамамыз осы маңызды міндетті атқаруға септігін тигізе алады. Біз БҰҰ-мен, көршілес елдермен және ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасауға әзірміз.
Ауғанстанның болашақ тұрақтылығы экономикалық дамуға байланысты. Ауғанстан – қауіп емес, мүмкіндік. Егер бұл елде бірлік пен тұрақтылық болса, ол Орталық Азияның дамуына ықпал етеді.
Жоғары мәртебелі төраға!
Мен, БҰҰ-ның күн тәртібіндегі басқа да бірқатар маңызды мәселелерді көтеруге ниеттімін. Атап айтқанда, қарусыздану саласындағы жұмыстарды жандандыру қажет.
Өткен айдың 29 тамызында біз тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның бастамасы бойынша Семей ядролық полигонының жабылуының және көлемі жағынан әлемнің төртінші ядролық арсеналынан бас тартудың 30 жылдығын атап өттік.
Қазақстан ядролық қаруы бар мемлекеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында, яғни 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартуға үндейді.
Экзистенциалды биологиялық сын-қатерлерге қарсы күрес бойынша үлкен жұмыс атқару қажет. Мен өткен жылы Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құруды ұсынған едім. Мұны батыл әрі өршіл және уақтылы ұсынылған идея деп есептейміз. Барлық мүдделі тараптармен ашық әрі транспарентті диалог жүргізілуде.
***
БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарына арналған күн тәртібін іске асыру барысында қиындықтар туындады.
Дамуы кенжелеп қалған және дамушы елдер, теңізге шығатын жолы жоқ және шағын аралдағы дамушы мемлекеттер – жалпы саны 91-ге жуық ел салыстырмалы түрде пандемиядан көбірек зардап шекті. Аталған мемлекеттер қиындықтарға төтеп беруге және борыштық дағдарысқа қауқарсыз.
Жаһандық деңгейдегі Теңізге шығатын жолы жоқ елдер тобының төрағасы ретінде Қазақстан БҰҰ-ның барлық бөлімдерін Вена іс-қимыл бағдарламасын жедел іске асыру бойынша 2024 жылға арналған Жол картасын бірлесіп іске асыруға шақырады.
Барлық мемлекеттердің тұрақты әрі инклюзивті болашаққа инвестиция құю үшін қаржылай мүмкіндігі болмаса, 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі іске асырылмайды. Осыған байланысты біз барша әріптестерімізді борыш ауыртпалығы тұрғысынан халықаралық өтімділік пен қауқарсыздық мәселесін бірлесіп шешуге шақырамыз.
***
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметі бойынша, биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінеді.
Қазақстан – ірі бидай өндіруші және экспорттаушы ел. Сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Оның төртінші Бас ассамблеясы өткен айда елордамызда өтті.
Біз орнықты ауыл шаруашылығының жарқын болашағы үшін шетелдік инвесторларды шақырамыз.
Орнықты даму экономикалық өсімге ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік және саяси дамуға да байланысты.
Қазақстан 30 жыл ішінде кемеліне келген, тәжірибелі мемлекет болды. Соңғы бірнеше жылда мемлекеттіліктің бастапқы кезеңінде өте тиімді саналған «жоғарыдан төмен» қағидаты негізіндегі мемлекеттік құрылыстан «төменнен жоғарыға» негізделген демократиялық дамуға көшуді бастадық.
Біз демократияға бейілдігімізді нығайтуға және азаматтардың басқару ісіне кеңінен атсалысуына ықпал етуге ұмтыламыз.
Мысалы, біз алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіздік. Бұл Қазақстан азаматтарының 40 пайыздан астамына зор мүмкіндік берді. 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауын да осылай өткіземіз.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2019 жылдан бастап менің Әкімшілігім адам құқығы мен заң үстемдігін нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мақсатында аса маңызды демократиялық реформалардың төрт топтамасын жүзеге асыруға кірісті.
Мысалы, жуырда мен парламенттің соңғы құрамының партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізуді ұсындым.
Біз бұл жетістіктермен тоқтап қала алмаймыз.
Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру. Саяси және экономикалық реформалар әрі қарай қарқынды дами береді.
Биылғы қаңтарда Қазақстан Өлім жазасын жоюға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік хаттамасын ратификациялады.
Маусымда Үкімет Адам құқығы саласындағы кезек күттірмейтін шаралар жоспарын бекітті. Онда ұзақмерзімді институционалды негіз қаланды.
Халықаралық серіктестерімізбен тығыз ынтымақтаса отырып, адам саудасын түбегейлі жою үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бұл жаһандық ынтымақтастықты қажет етеді.
Біз 2022-2024 жылдары БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына ену үшін өз кандидатурамызды ұсындық. Сайланған жағдайда Қазақстан Кеңес жұмысына өз үлесін қосуға тырысады.
Сонымен қатар келесі жылы сәуір айында Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезі барысында «демократия – дін – даму» үштігінің өзара байланысын ілгерілетуге ниеттіміз.
***
Орталық Азияға келер болсақ, тұрақтылық пен қауіпсіздікке төнген сын-қатерлерге қарамастан, саяси және экономикалық ынтымақтастықтың біртіндеп нығайып келе жатқанын байқаймыз.
Орталық Азияда өткен үш бейресми саммит жұдырықтай жұмылған әрі орнықты өңір қалыптастыруға ықпал етті. Соңғы жиын өткен айда болды.
Біздің өңірлік саясатымыз «Үлкен ойындағы» «нөлдік нәтиже» саясаты мен құқық күштінің жағында қағидатын біртіндеп шынайы ынтымақтастыққа және Азияның кіндігінде өмір сүретін халықтар үшін Зор Пайдаға ауыстыруға бағытталған.
Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанмен және Орталық Азиямен белсенді ықпалдастық орнатуына мүмкіндік туғызады.
Біз «С5+» форматында өңірден тыс жерлердегі негізгі елдермен аймақтық диалог орнатуға үлкен үміт артамыз.
Осындай серіктестік қатынастар аясында су тапшылығын, оның сапасының бұзылуын және тиімсіз пайдаланылуын қамтитын су ресурстарына байланысты проблемаларға баса мән береміз.
Өңіріміздегі су қауіпсіздігі энергетикаға, азық-түлік пен қоршаған ортаға тікелей байланысты.
Өзге мемлекеттердің түрлі мүддесіне қарамастан, Қазақстан ортақ мақсатқа қол жеткізуге бағытталған стратегияларды үйлестіру үшін бұрынғыша өңірлік су-гидроэнергетикалық консорциум құруды ұсынады.
***
Құрметті төраға!
Ханымдар мен мырзалар!
Өркениеттердің еуразиялық тоғысында орналасқан Қазақстан бұрынғыдай тепе-тең, сындарлы сыртқы саясат ұстанады. Біздің жақын көршілеріміздің бәрімен, батыс елдерімен, Еуропалық одақпен, Азия және Таяу Шығыстағы мемлекеттермен қарым-қатынасымыз өте жақсы.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің басты мақсаты да осы. Қазақстан келер жылы АӨСШК-қа төрағалық етіп, Кеңестің 30 жылдығына арналған саммит өткізеді.
Біздің әлем өзара байланысты әрі нәзік. Біз адамдарға нақты нәтиже беретін және шынайы жаһандық ынтымақтастыққа арқау болатын сындарлы диалог құруға мұқтажбыз.
Адамзатқа ортақ игілік жолында халықаралық ұйымдар, қаржы мекемелері, азаматтық қоғам, бизнес, жергілікті және аймақтық билік белсенді әрі шынайы болуы тиіс.
Біздің ортақ болашағымызды өзімізден басқа ешкім қамтамасыз етпейді. Ешқандай ұлт жалғыз жүріп жол таппайды және өркендемейді. Оның емі де, дауасы да жоқ.
Дәл қазіргі уақыт әлемді жақсылыққа жетелеудің ұжымдық мүмкіндігін ұсынып отыр.
Назарларыңызға рақмет.