Талдықорғанның облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай, жаңа аллея ашылды. Оған дәрігерлердің пандемия кезіндегі жанкешті еңбегіне алғыс ретінде «Аяулы алақан» мүсіні қойылды. Мүсіннің биіктігі — 1,2 метр, ұзындығы — 3,8 метр, ені — 2,8 метр.
Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда медицина қызметкерлері алдыңғы қатарда күрескендердің бірі болды. Бүгінгі ашылған «Аяулы алақан» мүсіні аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – ел құрметінің белгісі, ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады, − деді Алматы облысы әкімі әрі жоба авторы Амандық Баталов.
Айта кетейік, пандемия уақытында облыстағы 31 медициналық ұйым, амбулаториялық және стационарлық деңгейде 3455 медицина қызметкері жұмылдырылған. 900-ге жуық медицина қызметкері коронавируспен ауырып, 14-і көз жұмған.