Басты бетБілімҚырымбек Көшербаев:...

Қырымбек Көшербаев: Kitap.kz латын графикасына көшірілуге тиіс

Онда «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымы өтті.

Қырымбек Көшербаев өз сөзінде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының қоғам үшін аса маңызды, кешенді бастама екенін айтты. Бағдарлама аясында бірнеше ауқымды жоба іске асты. Олар еліміздегі ғылым мен білімді, қоғамдық сананы жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізіп жатыр. Осы мақсатта Қазақстанның интеллектуалдық тарихында бұрын-соңды болмаған көлемді де күрделі ғылыми аударма жобасы жасалды.

Сондай маңызы зор, қоғамға берері мол жобалардың бірі  «Ұлттық аударма бюросы» атқарған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Бүгін таныстырылған 100 оқулықтың әрқайсысы 10 мың данамен басып шығарылды, қазақ тіліне аударылған кітаптар барлық оқу орындарына, соның ішінде жеке меншік университеттерге де таратылды.

Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алуға мүмкіндік алды, – деді мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев ауқымы кең, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі зіл батпан осындай жобаны жоғары деңгейде атқарып шыққан «Ұлттық аударма бюросына» ризашылығын білдірді.

100 жаңа оқулықтың арқасында біз қоғамдық сана үшін аса маңызды бірқатар гуманитарлық білім саласының мазмұнын түбегейлі түрде жаңарттық. Көп жағдайда әлі де таптық, формациялық, идеологиялық сипатта баяндалып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, заң мен құқықтану, журналистика, мәдениет және өнертану, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар пәнаралық, өркениеттік және гуманистік бағыттағы жаңа мазмұнға ие болды.

Сонымен бірге осы жобаның арқасында біз қазақ тілінде әлі дами қоймаған бірқатар мүлде жаңа салаларды аштық. Экономикс, микро және макроэкономика, менеджмент және маркетинг, қаржылық сауаттылық, ағылшын заңы, статистика, сандық және сапалық зерттеу әдістері, этика мен эстетика, антропология, интернет психологиясы, медиа этика, өнер тарихы, театр және кинотану, сценаристика секілді тұтас жаңа бағыттар пайда болды.

Аударма арқылы өзге тілден жаңа мазмұн алу өте маңызды. Сонымен қатар өз ерекшелігімізді, қазақ  мәдениетін, руханиятын басқа тілдерде таныстыру, әлемге насихаттау да аса маңызды. Бұл алыс-беріс екіжақты болғаны дұрыс. Бұл бағытта да «Ұлттық аударма бюросы» арқылы бірнеше көлемді, сәтті жобалар іске асты. Атап айтсақ, 60 қазақстандық ақын-жазушылардың таңдаулы шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тіліне аударылып, осы 6 тілде сөйлейтін 90 елдің кітапханаларына таратылды. Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жинақтары әлемнің 10 тіліне аударылып, таратылды, – деді Қырымбек Көшербаев.

Аталған жұмыстарға Кембридж университетінің баспасы, Сервантес институты, Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымы, Қытайдың Ұлттар баспасы, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы және басқа да беделді халықаралық әріптестер қатысты.

Мемлекеттік хатшы аталған жұмыстардың жалғасуы керек екенін, жоба аясында оқулықтар және көркем әдебиетпен ғана шектелуге болмайтынын атап өтті.

Бүгінде 100 оқулық негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс дайындалып, 5 мыңнан аса видео-лекция жазылған. Бұл жұмысқа Қазақстанның алдыңғы қатарлы ұстаздары үлес қосты. Осы оқу материалдары келешекте Қазақстан ашық университетінің негізін қалай алады. Бұл да заман талабына сай, қашықтан оқу технологияларын дамыту, білім беру саласын цифрландыру бағытындағы жақсы бастама, технологиялық болашаққа жасалған үлкен қадам болмақ.

100 жаңа оқулық жобасы арқылы біз әлемдегі ең жақсы деген оқу құралдарын, ең танымал ғалымдардың идеялары мен еңбектерін Қазақстанның әр студентіне жеткіздік. Олар кітап түрінде, онлайн курс ретінде ашық және қолжетімді. Мұның барлығы оқимын, білім аламын деген жастарға жасалған жағдай, мемлекеттің қамқорлығы, – деді мемлекеттік хатшы.

Жиында Қырымбек Көшербаев Ұлттық комиссия атынан бірқатар тапсырма берді.

Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, мемлекеттік қолдаумен шыққан барлық шығармашылық туындылардың қоғамдық игілік ретінде еркін тарауы қамтамасыз етілуі, Мемлекеттік органдар мен жекелеген ұйымдар оған иелік етпеуге тиіс.

Екіншіден, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылып шыққан оқулықтар мен ғылыми әдебиеттің оқу бағдарламаларына енгізіліп, тиімді қолданылуы қамтамасыз етілуі керек.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына қашықтан оқытуды және қашықтан білім беретін оқу орындарын заңдастыратын және онлайн оқыту қызметін реттейтін толықтыру қажет.

Төртіншіден, «Ұлттық аударма бюросы» негізінде жинақталған тәжірибе мен мамандардың потенциалын жоғалтпау маңызды. Қазіргі сұраныс пен қажеттілікті ескере отырып, балалар және жасөспірімдер әдебиеті, гуманитарлық және техникалық оқулықтар мен әдебиет,  іскерлік әдебиет және басқа да өзекті аударма бағыттарын қамтитын тұрақты жұмыс жоспары жасалып, іске асырылғаны жөн.

Бесіншіден, «Ұлттық аударма бюросы» және Оксфорд университетінің баспасы дайындаған «Қазақ-ағылшын», «ағылшын-қазақ» Оксфорд сөздігі (Qazaq Oxford Dictionary) басылып, барлық орта және жоғары оқу орындарының кітапханаларына жеткізілуі шарт.

Алтыншыдан, латын графикасына кезең-кезеңмен өту жоспары аясында аударылған 100 оқулықтың электронды мәтіндері Қазақстандық ашық университет негізінде жаңа алфавитте жариялануы керек. Сонымен бірге мектеп бағдарламасына кірген қазақ әдебиетінің классикалық туындылары Kitap.kz – Қазақстанның ашық кітапханасы негізінде латын графикасына көшірілуге тиіс.

Бүгін таныстырылған 100 оқулық пен басқа да сөз еткен іс-шаралардың бір ғана мақсаты бар, ол – жастарымыздың елге тірек, қоғамға тұтқа болатын мықты тұлға болып өсуіне, білікті маман болуына жағдай жасау, – деді Қырымбек Көшербаев.

Ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, ғылым докторы, Алматы менеджмент университетің деканы Молдияр Ергебеков, қазақ қыздар педагогикалық университетінің ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті баспасының білім реформасына жауапты директоры Джейн Манн сөз сөйледі.