Басты бетЖаңалықтарПрезидент Қалжыр...

Президент Қалжыр өзенін ластағандарды жауапқа тартуды тапсырды

«Айқын» газетінің бүгінгі нөміріне «Қалжырды кім ластап жатыр?» деген мақала жарияланған еді. Онда Шығыс Қазақстан облысындағы Қалжыр өзенін заңсыз алтын өндірушілер қатты ластап жатқаны туралы өте өзекті мәселе көтерілген. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне аталған проблеманы егжей-тегжейлі тексеріп, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді, − деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Айта кетейік, желіде Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданына қарасты Қалжыр өзені ластанғаны туралы хабар тараған еді. Ал 6 қыркүйек күні су ресурстарын қорғау мамандарынан комиссия құрылып, оқиға орнына аттанды.

Жергілікті ақпарат көздері өзен ағысы бойынша жоғары және төмен орналасқан Алтай ауылынан бастап Боран ауылына дейін өзеннің әртүрлі нүктелерінен су сынамалары алынғанын жазды.

Тексеру қортындысына сәйкес «Хван С.А.» ЖК, «Кошкинбаев Б.А.» ЖК, «Бошаев У.Т.» ЖК, «Дуйсембаев А.У.» ЖК, «Мадымаров Х.Д.» ЖК заңсыз кен шығару жұмыстарын жүргізген. Сонымен бірге өзен арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан су лайланған. Осы жылы анықталған заңсыз жұмыстардан кейін Кеншілер ӘҚБтК-нің 332-бабына сәйкес (мемлекеттік экологиялық сараптаманы міндетті түрде жүргізу туралы талаптарды орындамау) 218 775 теңге айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды. Өзен ағысынан төменірек «Қасенов» ЖК құрамында алтын бар кенді өндіру бойынша жер қойнауын пайдаланудың заңсыз жұмыстары анықталды. Барлық материалдар уәкілетті органдарға жіберілді, − деді ШҚО экология департаменті басшысының орынбасары Рауан Тұраров.