Әрбір кітапқа, шамамен, 3 860 теңге жұмсалды. Соның ішінде авторлық құқық, аударма, баспа мен тарату шығындары бар. Жоба аясында 100 жаңа оқулық шығарылды. Әрбіреуінің таралымы – 10 000 дана. Барлық оқулықтың жалпы таралымы 1 миллион дана. Мұны 3 860 теңгеге көбейтсек, 3,8 миллиард теңге шығады. Қаражат бюджеттен бөлінді, — деді Рауан Кенжеханұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, кітаптың бәрі Қазақстанда басылды. Ал шетелдік авторларға олардың еңбегін аударып басқаны үшін ақы төленді.
Бұл – интеллектуалдық меншік. Автор ақы мөлшерін өзі айтты. Әрбір оқулық бойынша бөлек-бөлек келіссөз жүргізілді, — деп атап көрсетті Рауан Кенжеханұлы.
Айта кетейік, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізгі бағытының бірі болып саналады. Оған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жауапты. Әлемге танымал оқулықтарды аудару жұмысына 300-ден аса маман тартылды.