Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) табыстайтын сыйлыққа жеті ауыр атлет үміткер атанып отыр. Олардың барлығы — Рио Олимпиадасында топ жарған үздіктер. Атап өтсек: колумбиялық Оскар Фигероа (62 кг дейін), қытайлық Лун Цинцюань (56 кг дейін), ирандық Киран Ростами (85 кг дейін), өзбекстандық Руслан Нурутдинов (105 кг дейін) және грузиялық Лаша Талахадзе (105 кг жоғары).
Дауыс беру аталған федерацияның ресми сайтында 31 қаңтарға дейін жүргізіледі.
Олимпиадада 77 кило салмақта Нижат Рахимов жұлқа көтеруден әлемдік рекорд орнатқан. Екі жаттығудың қорытындысында ол 379 килоны (165+214) көтерді.
Айта кетейік, 23 жастағы спортшы Нижат Рахимов Баку қаласында туған. 2013 жылдың жазына дейін Әзербайжан құрамасында зілтемір көтерген. Алайда, допинг дауына байланысты екі жыл спорттан шеттетіліп, өз құрамасынан кетуге мәжбүр болды. Ал 2014 жылдың тамыз айында Қазақстан азаматтығын алып, 2015 жылдан бастап жарыстарға қатыса бастады. Дәл осы жылы әлем чемпионы атанып үлгерді. Өңірлік деңгейде Рио Олимпиадасының чемпионы Атырау облысының атынан қатысады.