Басты бетҚоғамПрезидент әлеуметтік...

Президент әлеуметтік азық-түліктің бағасын бақылауда ұстауды тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Серік Жұманғарин президентке агенттіктің тұрғын үй, құрылыс материалдары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және жанар-жағармай нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыстары туралы есеп берді.

Агенттік төрағасының айтуынша, аталған салалар бойынша монополияға қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар ірі құрылыс компаниялары бастапқы тұрғын үй бағасын маусым-тамыз айларында орта есеппен 7-20% төмендеткен, құрылыс материалдары бағасының өсуі сәуір айындағы 10,9%-тен, тамыз айында 3,2%-ке дейін, бензин бағасы сәуір айындағы 8,4%-тен, мамыр айында 0,2% арзандаған. Қазір де осы бағалар сақталып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының апта сайынғы қымбаттау көрсеткіші сәуір айындағы 0,6%-тен 14 қыркүйектегі мәлімет бойынша  0,1% азайған.

Мемлекет басшысына тауар биржаларындағы коммуналдық-тұрмыстық көмір саудасының барысы туралы баяндалды. Онда жергілікті операторлар отынды шағын партиялармен тікелей сатып алуға мүмкіндік алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің дәрілік заттардың бағасын қайта реттеу, радиожиіліктерді аукционға шығару арқылы мобильді байланыс нарығында бәсекелестік қалыптастыруға жағдай жасау, жолаушылар тасымалы 2 миллион адамнан асатын әуежайлардағы жерде қызмет көрсету түрлеріне тәуелсіз тасымалдаушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету, сонымен бірге фармацевтика, жол құрылысы, медицина салаларында жүргізіп жатқан монополияға қарсы бақылау шаралары туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар  Серік Жұманғарин мемлекет басшысына агенттіктің кедергілер жөніндегі кеңес алаңдарында бәсекелестікті дамытуға қатысты шектеулерді жою қызметі, бәсекелестік мәселелері жөніндегі заң жобасы, бәсекелестікті дамыту тұжырымдамасының әзірлемесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі бәсекелестікті дамытудың соңғы үрдістері туралы айтты.

Кездесу соңында мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.