Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқу-жаттығуына Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттері тартылды. Беларусь әскери қызметшілері оқу-жаттығуға алғаш рет қатысып отыр.
Елден Орынбор облысына «Батыс» өңірлік қолбасшылығының роталық тактикалық тобы барды. «Жайсаң» шекара бекетінен күшейтілген танктермен және ҰҰА есептоптарымен сауытты транспортерлерде барлау-шабуылдау тобы жіберілді. Маневрға елдегі Әскери-әуе күштерінің жарағындағы Су-25 ұшақтары жұмылдырылды.
Бұл оқу-жаттығу Орынбор облысының «Донгуз» полигонында өтіп жатыр. Ол әскерлердің коалициялық топтарды басқару органдарының және контингенттерінің үйлесімділігін жақсартуға бағытталған. Терроризмге қарсы бірлескен операцияға авиация, зымыран әскерлері, артиллерия, батальон және роталық тактикалық топтар тартылған.
Әскери контингенттер жаңа тактикалық тәсілдерге қарсы іс-қимыл жасау, ұшқышсыз ұшу құрылғылармен күрес жүргізу, террористік шабуылдардың алдын алу тәсілдерін пысықтап жатыр.
Қазақстандық әскери қызметкерлерге заңсыз қаруланған құралымдардың шабуылын тоқтату, одан әрі қарсы шабуыл жасай отырып, шартты қарсыласты жою тапсырылды.
24 қыркүйекке дейін жалғасатын «Бейбіт миссия-2021» оқу-жаттығуына 5,5 мыңға жуық әскери қызметші, 1,2 мыңнан астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника жұмылдырылды.