Басты бетҚоғамАлматыда Ауғанстанға...

Алматыда Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсететін хаб құрылады

Айта кетейік, Душанбеде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ұйымның гуманитарлық хабын ұйымдастыру керектігін мәлім еткен еді.

Ол жерде Ауғанстанға көрсетілетін халықаралық гуманитарлық көмек сақталып, үлестірілетін болады.

Қазақстан бастамасы БҰҰ ресми өкілдерінің алдын ала оң бағасын алды. Бүге-шігесі барлық тараппен келісілгеннен кейін жан-жақты талқыланатын болады, − деп жауап берді Қазақстан Сыртқы істер министрлігі РИА Новости сұрағына.

Ведомство бұл идея Ауғанстанда гуманитарлық апаттың алдын алу бойынша әлем қауымдастығына қолдау көрсетуге бағытталғанын хабарлады.

Бұл хаб Ауғанстан экономикасы құлдырауының, босқындар легі артуының және өзге гуманитарлық салдардың алдын алуға сеп болар еді. Ауғанстанға көмек үлестіретін халықаралық орталыққа айнала алады, − деді министрлікте.

Министрлік көлік логистикасы тұсынан да Алматы ыңғайлы орналасқанын атап өтті (ұшақпен Кабулға дейін 3 сағаттан аз). Бұған қоса, транзиттік хаб ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым бар.