Басты бетҚоғамМемлекет басшысы...

Мемлекет басшысы Алматыда гуманитарлық хаб құруды ұсынды

Қазақстан президенті мұндай ұсынысты Душанбеде өтіп жатқан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде жария етті.

Қазақстан Ауғанстан болашағын өз-өзімен және өзінің көршілермен бейбіт өмір сүретін нағыз тәуелсіз әрі біртұтас мемлекет ретінде көреді. Осынау тағдыршешті тарихи сәтте Ауғанстанның көпұлтты халқы теңдессіз қиындықтармен бетпе-бет жалғыз қалмауға тиіс. ШЫҰ үлкен ықпалының арқасында бұл елдің бейбітшілік пен келісімге қол жеткізуінде белсенді рөл атқаруға тиіс деп санаймын. Ұжымдық күш-жігермен ғана қазіргі сын-тегеуіріндермен күресте өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан өз тарапынан Ауғанстаннан бақылаусыз көші-қонның орын алуының, деструктивті идеологияның, есірткінің таралуының жолын кесу үшін өңірлік серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейтетінін баса айтты.

Сонымен қатар Ауғанстан тап болған өзекті гуманитарлық және экономикалық проблемаларды шешу үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Қазақстанның қолданыстағы инфрақұрылымдары мен логистикалық мүмкіншіліктерін ескере отырып, Ауғанстанға халықаралық көмек жеткізу үшін Алматыда ШЫҰ-ның гуманитарлық хабын ұйымдастыруды ұсынамыз, − деді Қазақстан президенті.