Ақпарат министрлігі журналистерге қатысты іске пікір білдірді

Мәліметтерге сүйенсек, полиция облыстық ішкі саясат басқармасы түсірген шағымнан кейін Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Полиция департаментіне куә ретінде Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Исламбек Дастан, ал қорғануға құқығы бар куә ретінде «7 арнаның» тілшісі Данияр Әлімқұл шақырылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары басталып кетті.

Ал куә ретінде шақырылған Исламбек Дастанның айтуынша, Facebook парақшасында жарылыс кезінде тікелей эфир жүргізген. Онда жарылыс болып жатқанын, елдің үрейленіп келе жатқанын айтқан.

Оған қоса, желіде Д.Әлімқұлдың әріптестері оның жазықсыздан-жазықсыз тергеліп жатқаны туралы жарыса жазып жатыр.

Сонымен бірге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Turaninfo.kz агенттіктің тілшісі И.Дастан мен «7 арнаның» тілшісі Д.Әлімқұлдың сотқа дейінгі тергеу аясында Жамбыл облысының полиция департаментіне шақыртылуы бойынша пікір білдірді.

Министрлік аталған факті бойынша толық ақпарат беру жөнінде құқық қорғау органдарына сұрау жолдады. Осы уақытқа дейін белгілі болған мәлімет бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Аталған іс бойынша жоғарыда аталған БАҚ өкілдерінің мәртебесі куәгер ретінде белгіленді. Министрлік бұл мәселені назарға алды және бақылауда ұстап отыр. Бұл ретте, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңына сәйкес, журналистер көпшілікке ақпарат таратпас бұрын, оның шынайылығын үнемі тексеріп отыруды ұмытпау керектігін ескертеміз, − делінген министрліктің хабарламасында.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шығып, соңы өртте ұласты. Әскери қоймаға жақын ауылдардан 100-ге жуық адам эвакуацияланды. Өкінішке қарай, 17 адам қаза тапты.