Асқар Мамин Инвестициялық штаб отырысын өткізді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев экология, геология, балық, орман және су шаруашылығы салаларында ведомствоның негізгі капиталға тартатын инвестициялардың 2021-2025 жылдарға арналған нысаналы көлемі 2,5 триллион теңгені құрайтынын мәлімдеді.

Инвестициялық жобалар пулына Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен, Қарағанды және Алматыдағы Waste to Energy қоқыс жағатын зауыттарын салу, жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты кеңейту, сумен қамтамасыз етудің тұйық цикліндегі балық өсіру шаруашылықтарын, тоған және шарбақты балық өсіру шаруашылықтарын дамыту, Каспий теңізінде балық аулауды ұйымдастыру, құрама жем, артемия цисталарын өңдеу зауыттарын салу және т. б. кіреді.

Орман қорында экологиялық туризмді дамыту мақсатында Іле Алатауы, Шарын, «Көлсай көлдері», «Алтын Емел» және т. б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жобалар іске асырылады.

Су шаруашылығы саласында Жамбыл облысындағы Тасөткел магистралды каналын, Үлкен Алматы каналын, Алматы облысының су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялау және жаңғырту, Түркістан облысындағы Өгем өзенінде су электр станциясында каскады бар су тартқыш салу жоспарланып отыр.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айдар Әріпханов Қазақстан даму банкінің қоржынында жалпы сомасы 7,1 триллион теңгеге 61 инвестициялық жоба және 16 экспорт алдындағы операция бар екенін айтты.

Осы жылдың 6 айында Қазақстан даму банкі жаңартылатын энергетика, автомобиль жасау, ТМК және туризм салаларында 47 миллиард теңгеге 5 инвестициялық жобаны және 67,9 миллиард теңгеге 14 экспорттық операцияны қаржыландырды. Логистика, құрылыс индустриясы, жаңартылатын энергетика, ТМК салаларындағы 4 инвестициялық жоба, сондай-ақ 211 миллиард теңге сомасына 2 экспорт алдындағы операция қаржыландыруға мақұлданды.

Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша ауыл шаруашылығы техникасын, автобус паркін, жүк вагондарын, коммуналдық және өрт сөндіру техникасын жаңарту, отандық автоөндірушілерді қолдау және т. б. бойынша жалпы сомасы 45,88 миллиард теңгеге 198 жоба қаржыландырылды. аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамыту аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес құрылымдары 2021 жылдың І жартыжылдығында 282,5 миллиард теңге сомасына 14 397 қарыз берді. Осы жылдың аяғына дейін секторды барлығы 388,3 миллиард теңге көлемінде қаржыландырып, 831 миллион теңгеге 373 бірлік кепілдік беру көзделіп отыр.

«Kazakh Invest ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Task Force арнайы инвестициялық бөлімшесі аграрлық-өнеркәсіптік кешен, химия және тау-кен металлургиясы өнеркәсібі, фармацевтика, энергетика, құрылыс материалдарын өндіру, көлік және логистика салаларында $12 миллиард астам сомаға 57 жобаны пысықтап жатқанын мәлімдеді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев 2021-2025 жылдарға әкімдік аграрлық-өнеркәсіптік кешен, химия және тау-кен металлургиясы өнеркәсібі, жаңартылатын энергетика, құрылыс материалдарын өндіру және т. б. сияқты салаларда жалпы сомасы 2,5 триллион теңгеге 107 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырғанын атап өтті.

Биылғы 8 айда Жамбыл облысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 231,1 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 20,2%-ға артық. Осы жылы негізгі капиталға 421 миллиард теңге көлемінде инвестициялар ағынын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов алдағы 5 жылға әкімдік аграрлық-өнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, ТМК, энергетика, машина жасау, туризм, білім беру және т. б. салаларда 1,8 триллон теңге сомасына 330 жобадан тұратын пул құрғанын баяндады.

Биыл жалпы сомасы 695,8 миллиард теңгеге 108 жоба іске асырыла бастады. Осы жылғы қаңтар-тамыз айларында Ақмола облысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 276,3 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 10% артық.

Биыл негізгі капиталға барлығы 558 миллиард теңге көлемінде инвестиция ағынын қамтамасыз ету көзделіп отыр. Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органға, өңірлер әкімдіктеріне және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі негізде жалғастыруды тапсырды.