Билеуші партия мемлекеттік істерге жастарды белсенді баулып жатыр

Еліміздің жетекші телеарналары «31» мен «Астанаға» жаңа басшылар келіп жатыр екен. Тиісті шешімнің қабылдануына Нұр-Отан партиясының ақпараттық холдингі «Nur Media» мұрындық болды, – деді Расул Жұмалы Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен бірге ол қос топ-менеджер Құрманбек Жұмағали мен Әзізхан Әбілдинов жас та болса медиа саласында заманауи тәжірибе жинақтаған мықты мамандар екенін атап өтті.

Кейінгі жылдары билеуші партия мемлекеттік істерге жастарды белсенді баулып жатқаны мәлім. Осы тағайындаулар соның кезекті айғағы. Өз кезегінде «Астана», Nur Media-ға енген басқа БАҚ-тардың жоғарғы рейтингі, көрерменнің жүрегіне жол тапқан үздік жобалары алған бағыттың дұрыстығын дәлелдейді, – деді белгілі саясаттанушы.

Оған қоса, Расул Жұмалы мұны нарық болған соң холдинг жарнама, өзін қаржыландыруда басқа да тетіктерді ұтымды пайдаланып отырғаны да растай түсетінін айтты.

Әлбетте, баспасөздің қоғамдық-саяси өмір үшін маңызы айрықша. Осы орайда айналада ақпараттық-насихаттық шабуылдар жүріп жатқанда отандық медиа-кеңістіктің бәсекеге мейлінше қабілетті болуы аса өзекті. Сондықтан Қазақстан қоғамы жыл сайын шетелдік, әсіресе ресейлік ақпараттық өнімдерден көрі өзіміздің төл ақпарат көздеріне көбірек мән бөлуі құптарлық үрдіс. Сайып келгенде бұл ұлттық тәуелсіздіктің құрауышы. Ендеше осы саланы жетілдіруді, оны мемлекеттік мүдде үшін қызметке қоюды көздеген істер жалғасын таба берсін, – деді Расул Жұмалы.