Регина Серкина атеист
Фото жеке архивінен

Регина Серкинаның анасы — мұсылман, әкесі — христиан. Дінді ұстанатын отбасында тәрбиеленсе де, ата-анасы наным-сенім таңдауға келгенде оның өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік берген.

Регина 17 жасқа толғанда өзінің атеист екенін түсінген.

«Бала кезімнен Библияны, ислам туралы түрлі кітап оқыдым, бірақ бұл тақырып мені аса қызықтырды деп айта алмаймын. Алғашқыда мен өзімді агностик деп есептедім. Агностик — бір күшке, дүниеге сенетін, бірақ нақты не нәрсеге екенін білмейтінін адам. 16-17 жасымда өмірімдегі ең қиын сәттер басталды. Оқуға түсу, жаңа ортаға келу деген сияқты. Осы кезде көп ойланып, атеист екеніме нақты көзімді жеткіздім», — дейді Регина Серкина.

Регинаның айтуына қарағанда, қоғамның көп бөлігі атеистерді белгілі бір ұстанымы жоқ әдепсіз адамдар ретінде көреді. Сол себепті ол алғашқыда басқаларға дінге сенбейтінін айтуға ыңғайсызданған. Тіпті діни наным-сенімге қатысты тақырыптарды талқыламауға тырысады.

Осыған қатысты түсінігім қалыптасқаннан кейін атеист болудың да қалыпты нәрсе екенін, еш ұялудың қажеті жоқ екенін ұқтым, — дейді ол.

Регина Қазақстанда да атеистердің де құқығы қорғалатыны туралы жаңалықты зор қуанышпен қабылдаған.

Әр адамның өмірі әртүрлі ғой. Расында да кей атеист қысымға ұшырап жатқан шығар? Өзіме келсем, атеист болғаным үшін өзгелерден агрессия көрмедім. Дегенмен үлкен кісілер атеист екенімді естісе, бірден ойымды өзгертуге, көндіруге тырысады. Жалпы Қазақстан заңнамасы дінге сенушілердің құқығын қорғаса, дінге сенбеушілердің де құқығын қарастыруы керек деп ойлаймын. Ең бастысы — заң біреудің көзқарасына құрметпен қарауды, өз пікірін, дінін тықпаламауды қадағалай алса екен деймін, — дейді Регина Серкина.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежановтың айтуынша, Қазақстан заңы осындағы барлық азаматқа ортақ, сол себепті олар тек дінге сенетіндердің емес, сенбейтіндердің де құқығын қорғауы керек.

Дүниежүзі тәжірибесіне сүйеніп, заңда «дінге сенбейтіндердің құқықтары» деген анықтаманы енгізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, қазір бізде дінге сенетіндердің құқығы бар. Сол сияқты дінге сенбейтіндердің құқығы шектелмеуі керек. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Конфессия мен діннен бұрын заңның үстемдігі жоғары. Заң барлығына ортақ және оны орындау міндет, — деді Ержан Нүкежанов 7 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Балғабек Мырзаевтың сөзінше, атеистерді қорлау — экстремизмнің көрінісі. Сол себепті оларға тіл тигізіп, құқығын таптағандарға айыппұл салынуы керек. Жаңа заң жобасына сәйкес, атеистердің құқығын бұзғандарға дін ұстанушылардың құқығын бұзғанда берілетін жаза, яғни 100 АЕК (1 АЕК — 2917 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Біздің елде әр азаматтың кез келген дінді таңдап, ұстануына шектеу жоқ, сонымен бірге атеист көзқарасын ұстануына да құқығы бар. Бұл турасында әрбір азаматтың бостандығы бар. Алайда қазіргі уақытта қоғамда дін ұстанбағандарды «дінсіз» және «кәпір» деп айыптап жатады. Бұл — қорқытып-үркіту элементтері, — деді Балғабек Мырзаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

дін, Жандәулет Сүлейменов
Жандәулет Сүлейменов. Фото: Kazislam.kz

Ал «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» басшысының орынбасары Жандәулет Сүлейменов құқықтық, демократиялы әрі зайырлы мемлекет ретінде атеистердің құқығын қорғау айып емес екенін айтады. Алайда ол дәл қазіргі уақытта Қазақстанға дінге сенбеушілердің құқығын қорғайтын арнайы жеке заң аса қажет деп есептемейді.

«Елде балалардың құқығын қорғау туралы заң бар. Өйткені кей ата-ана балаға зәбір көрсетеді, өсіп-жетілуіне кедергі келтіретін, құқығын таптайтын іске барып жатады. Сол себепті арнайы заң қажет. Ал дәл қазіргі сәтте елімізде атеистердің құқығын бұзып жатқанын немесе дінге сенушілердің атеистерге қысым көрсетіп жатқанын естіген емеспін. Сол себепті бұл заңға нақты мұқтаждық туып жатқан жоқ деп ойлаймын», — дейді Жандәулет Сүлейменов.

Статистика не дейді?

Америка психологтары бүгінде дүниежүзінің көп еліндегі атеистер қоғамның қысымынан өзінің дінге қатысты сенімі туралы айтудан қорқатынын байқаған. Сол себепті олардың саны айтарлықтай азайған. Дегенмен бұл статистиканы жоққа шығаратындар да бар. Мысалы, 2017 жылы Ресей азаматтарының 7%-і атеист екенін  екенін мойындаса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 14%-ке жеткен. Көбі — 18-24 жастағылар.

Ал 2019 жылы Қазақстанда дінге сенбейтіндердің үлесі — жалпы халықтың 18,8%-і.

атеизм, дін
Фото: Www.shrm.org

Gallup халықаралық қауымдастығы мен тәуелсіз маркетингтік зерттеулер желісі (WIN) осы тақырып бойынша сауалнама жүргізген. Нәтижесі бойынша Қытай халқының 7%-і ғана күнделікті өмірде дінді маңызды деп есептейді. Ал Жапония азаматтарының 31%-і өзін атеист деп біледі. 

Атеистер басқа елдерде қалай өмір сүріп жатыр?

Журналист Аманда Маркотт дінге сенбейтіндердің өмір сүруіне ыңғайлы елдердің тізімін жасаған. Олар: Чехия, Швеция, Дания, Австрия, Франция, Норвегия, Аустралия, Жапония және АҚШ.

Ресей

Көршілес Ресей Федерациясы зайырлы мемлекеттің бірі болып есептеледі. Конституцияның 14-бабына сәйкес, оларда ешқандай дін мемлекеттік немесе міндетті болып белгіленбеген. Конституцияның 19-бабы бойынша барлық дін бірлестігі заң алдында тең. Ал 28-бап бойынша Ресей азаматы кез келген дінді ұстануына немесе ұстанбауына, діни наным-сенімді еркін таңдауына құқылы.

2013 жылдың шілдесінде Ресейде дінге сенушілердің сезімін қорлағандардың үстінен қылмыстық іс жүргізілген. Заңдағы осы өзгерістерден кейін кей азамат атеистердің құқығы шектеліп жатқанын алға тартқан. Дегенмен елде атеистердің құқығына қатысты ешқандай заң қабылданбаған.

депутат Милонов
Фото: Еurosport.ru

Ресейдің мемлекеттік Дума депутаты Василий Милонов Ресей Қазақстан сияқты атеистерге қатысты жаңа заңға мұқтаж емес екенін айтты.

«Меніңше, бұл заң жобасы — Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан аймақтағы кейінгі оқиғалардың рефлексі. Шариғат заңымен қайта басқаратын «Талибан» қозғалысының Ауғанстан билігіне келуін айтып тұрмын. Қазақстандық билік «атеистерді қорғау» арқылы елдің сөзсіз зайырлы мемлекет ретіндегі мәртебесін растағысы келген сияқты. Ал Ресейде мұндай мәселе жоқ. Бізде тіпті атеистердің құқығы дінге сенушілердің құқығынан әлдеқайда жақсы сақталған», — деді Василий Милонов.

Оған қоса ол конфессияаралық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайтын елдер ғана атеистерді қорғау үшін заң қабылдайтынын баса айтты.

Бұл радикал діни ағымдардың Қазақстанға әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ал біздің елде мұндай қауіп жоқ, — деді депутат.

Қай елдерде атеистерге құқығы берілмеген?

Халықаралық гуманистік және этикалық одақтың жаңа есебіне сәйкес, 13 елде атеистердің өлім жазасына кесілу қаупі бар. Оның үстіне бұл 13 елдің барлығында ислам дінін ұстанушы көп. Ауғанстан, Иран, Малайзия, Мальдив, Мавритания, Нигерия, Катар, Сауд Арабиясы, Сомали, Судан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Йемен елдерінде белгілі бір діннен бас тартқаны үшін өлім жазасы беріледі.

Пәкістанда Құдайға тіл тигізгені үшін өлім жазасы қарастырылған. Сонымен бірге Мұхаммед пайғамбарды, Құранды қорлағандарға Қылмыстық кодексте бөлек бап бар. Пәкістандағы атеистер төлқұжат ала алмайды. Себебі паспортты алу кезінде дінге қатысты міндетті бағанды толтыру қажет. Ал ол жерде атеизм нұсқасы қабылданбайды.

Судан халқы шариғат заңы бойынша өмір сүреді. Десе де елдегі конституция басқа азшыл дін топ өкілдеріне ғибадат етуге тыйым салмаған. Бұл елде адам ислам дінін қабылдауына болады, ал керісінше, сенуін тоқтатса, түрмеге қамалады немесе өлім жазасына кесіледі.

Судандағы мұсылман ер адамдар басқа дін өкілдерімен некеге тұруға құқылы. Ал әйелдер тек мұсылманға тұрмысқа шыға алады. Исламға күпірлік жасаған адамға 6 ай бас бостандығынан айыру, 100 рет дүре соққысы беріледі және айыппұл салынады. Бір қызығы, басқа діндерге тіл тигізгендерге мұндай жаза қарастырылмаған.

Мавританияда шариғат заңы азаматтық істерде де, қылмыстық істерде де қолданылады. Бұл елде ислам істері министрлігі, сонымен бірге алты имамнан тұратын жоғарғы ислам консулдығы бар. Олар заң шығарумен және басқа да мемлекеттік қызмет түрлерінің діни канонға сәйкес екенін тексереді. Мавританияда басшылық қызметке сайланудың негізгі шарттарының бірі — дін. Мысалы, конституцияға сәйкес, мемлекеттің президенті мұсылман ғана бола алады.