Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі ұзартылды

Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты жедел-тергеу тобының (ЖТТ) басшысы Хасановтың күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу уақытын екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасына дейін ұзарту туралы өтінішхатын қарады.

Біз күдіктінің мерзімін қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңіне ұзарту туралы өтінішхатты қарап отырмыз. 7 шілде күні тергеу аяқталды, қазір танысу кезеңінде. Қылмыстық іс 133 томнан тұрады, заттай дәлел және өзге де материалдар бар. Қазір Біртановты үйқамақта ұстау мерзімі 14 қыркүйекте аяқталады, ал тергеу қорытындысы бойынша іспен толық танысуды аяқтау мүмкін емес. Осыған байланысты ЖТТ органының Біртановқа үйқамақ мерзімін 2021 жылдың 14 қарашасына дейін екі айға ұзартуды және қанағаттандыруды сұраймын, − деді прокурор Төлеген Жараспаев.

Елжан Біртановтың ісіне қатысты мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Талғат Ақшабаев пікір білдірді.

Күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу мерзімін екі айға ұзарту туралы қолдаухат қанағаттандырылсын. Күдікті Елжан Біртановтың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде үйқамақта болу мерзімі екі айға, яғни 2021 жылдың 14 қарашасын қоса алғандағы 21 сағат 56 минут уақытқа дейін ұзартылсын. Қаулыға шағым жасалуы мүмкін, ол жария етілген кезден бастап үш тәулік ішінде өтініш бойынша қайта қаралады, − деді судья Талғат Ақшабаев.

Еске сала кетейік, Елжан Біртанов мемлекет басшысының жарлығы бойынша 2020 жылдың 25 маусымында денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды.  Сол жылдың 3 қарашасында экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды.