Қазақстан аумағынан бензин шығаруға тағы алты ай тыйым салынуы мүмкін

Бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрін Қазақстан аумағынан автокөлікпен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салуды көздейтін бұйрықты тағы алты айға созу мәселесі пысықталып жатыр, — деді министр үкімет отырысында.

Оның айтуынша, сонымен бірге ішкі нарықты дизель отынымен тұрақты қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай-химия зауытында жөндеу жұмыстарының мерзімін ауыстыру не қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша 8,3 миллион тоннадан астам мұнай өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш жоспардан асып тұр, яғни 102%.

Атап айтқанда, автобензин бойынша көрсеткіш 3,1 миллион тонна болды, яғни жоспарлағаннан 104%-ке көп. Өндірілген дизель отынының көлемі 3,3 миллион тоннаға жетті. Бұл осы жылғы жоспардың тоқсан сегіз проценті.

Осы жылдың мамырында Қазақстанда бірқатар мұнай өнімін ел аумағынан автокөлікпен шығаруға жарты жылға тыйым салынған болатын.