Министр бюджет қаржысын игермеген өңірлер мен ведомстволарды атады

Республикалық бюджет бойынша 9,9 триллион теңгеге шығыс жүргізілді. 31 миллиард теңге атқарылған жоқ, оның ішінде 7 миллиард теңгесі – үнемдеу.

Игерілмегені – 24 миллиард теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары денсаулық сақтау, ішкі істер, мәдениет және спорт, әділет, төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасты, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.

Министрлің сөзінше, бюджет қаржысын игермеудің негізгі себептері – төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды, төлем нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін жүргізілген, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау және тағы басқа.

Ведомство басшысы жергілікті бюджеттер шығысы 5,2 триллион теңге болғанын, 64 миллиард теңге атқарылмағанын айтты.

Биыл өңірлерге 2,5 триллион теңге нысаналы трансферт көзделді. 1 қыркүйекке дейін оларға 1 триллион 358 миллиард теңге бөлінген. Оның 98%-і игерілді. Игерілмегені – 23,5 миллиард теңге, — деді ол.

Бюджет ақшасын ең көп игермеген өңірлер – Нұр-Сұлтан мен Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстары.