Үкіметте өңірлердің жылу маусымына дайындығы қаралды

Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Жылу маусымына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Өңірлерде 10 мыңнан астам автономды қазандық немесе 99%-і, 45,6 мыңнан астам тұрғын үй (94%) дайындалды. 3,8 мың км жылу желілері (96%), 13,6 мың шақырым сумен жабдықтау желілері (99%) жөнделді. Жылыту маусымына 11,1 мыңнан астам (99%) білім беру объектілері және 5,7 мың (99%) денсаулық сақтау объектілері дайындалды. Көмір өндіруші компаниялар 68 миллион тонна көмір өндірді.

Тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін берешегі 14,4 миллиард теңгеге жетті. Ең көп дебиторлық берешек Алматыда – 2,88 миллиард теңге, Нұр-Сұлтанда – 2,56 миллиард теңге, Шымкентте – 2,47 миллиард теңге және Қызылорда облысында – 1,55 миллиард теңге.

Жалпы өңірлердің әкімдіктері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік сала объектілері мен жылу энергиясы көздерін жылыту маусымына дайындау бойынша жұмыс жүргізді. Өңірлерде жылыту маусымы жоспар бойынша  басталады, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге инженерлік желілерде, білім беру, денсаулық сақтау объектілері мен үйлерде жоспарланған жөндеу жұмыстарының бәрін белгіленген мерзімде аяқтауды, аса қысқа мерзімде жылыту маусымын өткізуге әзірлік паспорттарын алуды қамтамасыз етуді жүктеді.

Премьер-министр барлық автономды жылу көздерін отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етуді, көмір тапшылығына жол бермеу үшін өңірлерде көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасасуды және коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік үшін әрі тұрғындарға отын жеткізуге ұдайы мониторинг жүргізуді тапсырды.