«Алтын орда» мен «Апорт» локдаун кезінде неге жабылмады? Әкімдік себебін түсіндірді

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Алматы облысындағы эпидемиология жағдайы туралы брифингі барысында журналистер әкімдік пен санитарлық қызмет өкілдеріне Алматыдағы барлық базар мен сауда және ойын-сауық орталығы жабылған кезде «Алтын Орда» базары мен «Апорт» неліктен жұмыс істегенін, соның салдарынан вирус жұқтырғандар саны көбейгені туралы сұрақ қойды.

«Алтын Орда» — республикалық маңызы бар базар. Онда өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірінен және Қырғызстан мен Өзбекстан сияқты көрші елдерден де өнім сатып алып келеді, алып кетеді. Бұл базар елдегі баға белгілеуде үлкен роль атқарады, өйткені көтерме саудагерлердің көпшілігі сол жерден тауар сатып алады. Егер оны бірнеше күнге жапсақ, дүрлігу мен қымбатшылық туғызады. Базарда шектеу шаралары сақталған, онда вакциналаудың үш пункті жұмыс істейді, — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов оқу жылы басталар алдында «Алтын орда» базарында және «Апортта» адамдар көп жиналғанын растады. Бірақ, оның айтуынша, ол бір күн ғана болған. Мектепте сабақ басталар алдында Алматы облысы тұрғындары да, қала тұрғындары да осы базарға келген. Ерғали Сыдымановтың айтуынша, «Апорт» сауа үйіне мониторинг тобы шығып, базарды да аралаған.

Келесі күннен бастап барлық заңбұзушылық жойылды. Біз базар әкімшілігінен эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтауды талап етеміз және оларды сақтауға тырысады, — деді өңірдің бас санитар дәрігері.

Журналист сонымен бірге «Алтын Орда» мен «Апортта» заңбұзушылықтар үшін нақты кім жазаланғанын сұрады.

Штабтарда осындай жағдайларды қарастырып жатырмыз. Қарасай ауданы әкімдігінің басшылығына осындай фактілерге жол бермеу және оларға сеніп тапсырылған өңірдегі эпидемиология ахуалын жақсарту туралы ескерту жасалды. Базар иесі жазаланды ма деген сұраққа қазір жауап бере алмаймын, — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Байжұманов.

ДереккөзTengrinews.kz