2017 жылға макроэкономикалық шолу

Saxo Bank инвестиция бойынша директоры, бас экономист Стин Якобсен 2017 жылғы макроэкономикалық көрсеткіштер туралы болжамын жариялады.

экономика

«2017 жылдың басты тақырыбы — доллардың бет алысы. Биыл доллардың 20 пайызға дейін нығаюы әлемнің экономикалық кейпіне көп өзгеріс әкеледі. Ал Трамптың әкімшілігі 20 жылдан бергі «Күшті доллар — АҚШ экономикалық қуатының кепілі» деген догмаға сенуді қояды», — дейді Стин Якобсен.

Банк экономисінің пікірінше, доллардың өзіндік құны қаншалықты өзгеретіні әлем сарапшыларының тағатсыздана күтіп отырған жаңалығы. Өйткені әлемдегі ақша аударымдарының 75 пайызы доллардың үлесінде.

«Сол себепті АҚШ ақшасы жыл сайын қазіргідей 20 пайызға нығаятын болса, оның кері реакциясы да болады. Нақтырақ айтар болсақ, базалық мөлшерлеменің біртіндеп көбеюі АҚШ экономикасының өсім қарқынын азайтады. Өйткені дамушы елдер қуатты доллармен өздерінің қарыздық міндеттемелерін өтеуде қиналып қалады», — дейді маман.

Әлемдік ірі банктер дамушы елдердің нарығына шамамен 3,6 трлн доллар құйды. Оның тең жартысы Қытайға тиесілі. Осы тұрғыда Қытай экономикасы белгілі бір деңгейде доллардың құнына тәуелді.

Сонымен қатар, сарапшының пікірінше, биыл рецессия (әлем бойынша өнеркәсіптік өндірістік ұзақмерзімді төмендеуі) қаупі бар. Нарықтағы болжам бойынша рецессия қаупі 5-8 пайыз болса, шын мәнінде бұл көрсеткіш 60 пайыз көрінеді.

Қор нарығындағы жаппай сатылым рецессия кезінде болатынын ескерсек, егер мұндай дағдарыс бола қалғанда АҚШ экономикасы 25-40 пайызға тоқырауы мүмкін.