Бағдат Мусин: Сбер бізге бастапқы ашық кодтарды береді

Министрдің пікірінше, IT-компаниялардың өкілдері ақпараттық жүйелерді әзірлеуге және техникалық қолдауға бюджеттен ағылатын табыс көзінен айырылуы мүмкін болғандықтан мұндай шешімге қарсы болып отыр. 

Ал бұған дейін Сбер платформасына үзілді-кесілді қарсы болып келген Қазақстан IT-компаниялары қауымдастығының президенті Нұрлан Исин тікелей эфир кезінде министр Бағдат Мусиннің түсініктемесі мен келтірген аргументтерінен кейін өз ойы өзгергенін жасырмады. 

«Сбер бастапқы кодтарын беретін болса, оны әрі қарай жетілдірсек, онда, әрине, әңгіме басқа, мұндай жағдайда жұмыс істеуге болады», — деді ол тікелей эфир барысында.

«Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының төрайымы Әзиза Шөжеева да министрдің сөзін құптап отыр. Оның ойынша, Сбердің мүмкіндіктерін пайдалану Қазақстанға қаражат үнемдеуге көмектеседі. 

«Платформа жасалып біткенде, біріктіру және түзеу жұмыстарына ресурс та, шығын да аз кетеді. Мәселен, жыл сайын 40 миллион емес, бар-жоғы 4 миллион жұмсалар еді. Техникалық сүйемелдеу арқылы табыс табуға негізделген бизнес-модель өзекті болмайды. Мұндай платформаның арқасында барлық мәлімет базасы бірыңғай big data-ға жиналақталады, жасанды интеллект құралдары бар жүйелер пайда болады. Жеке басым бұл кейсті барлық IT-сала үшін салмақты триггер ретінде қарастырып отырмын, өйткені жиналып, бизнеске қатысты қарым-қатынасты өзгертетін уақыт келді», — деп мәлімдеді Әзиза Шөжеева. 

Тікелей эфир барысында министрге IT саласының ғана емес, бизнестің де өкілдері сауал жолдады. Мәселен, ҚР «Атамакен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев платформаны енгізуге дайындық жұмыстарына аудитті кім жүргізетінін сұрады.

Бағдат Мусин ол аудитті қазақстандық тарап, соның ішінде жергілікті IT-компаниялармен бірлесе отырып «Зерде» ұлттық холдингі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүргізетінін айтты. Сонымен қатар Сбердің үлестес компаниялары да қатысатынын, бірақ олар инфрақұрылымға қатысты жұмыстарды ғана жүргізетінін және аталған ақпараттық жүйелерге қатысы жоқтығын айтты. Мәселен, ресейлік тарап байланыс, желі инфрақұрылымы және серверлік қамтамасыз ету арналарын өлшеумен айналысады екен.

«Жалпы ақпараттық трансформацияны жетілдіру бойынша мемлкеттік тапсырыстарға қолжетімділік шеңберін ұлғайтқымыз келеді. Зерттеулер ақпараттық жүйелердің сапалы екенін көрсетсе, мұндай жүйе әзірлеумен айналысып келгендер платформаға техникалық модельдерді көшіруге қатыстырылады. Бұл ретте бізге бастапқы ашық кодтарды береді. Бұл бәрін нөлден жасап көруге күш жұмсағанға қарағанда бірнеше есе жақсы, дегенмен мен қазақстандық IT-қауымдастыққа мұндай платформа жасауға тыйым салмаймын», — деп мәлімдеді министр.

Ол, сондай-ақ, сарапшылық кеңес құру жоспарланып жатқанын айтты. Кеңес мүшелерінің 70%-ы технологиядан хабары бар адамдардан құралады және олар платформаны ауыстыру жұмыстарын дұрыс жүргізу үшін өз ұсыныстарын әзірлейтін болады.