Қазақстанда 2 миллионнан астам тұрғын онлайн санақтан өтті

Респонденттің 1 756 002-сі sanaq.gov.kz сайтында, 203 672 Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 82 202 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

12 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда тұр. Мұнда 204 805 тұрғын санақтан өткен. Онлайн санақтан өткен тағы 194 697 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді. Мұнда 173 847 адам санақ сауалдарына жауап берді. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілейді. Бұл өңірлерде сәйкесінше 46 191 және 35 542 адам санақтан өткен.

Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 21,1% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 17% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).

Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ.

Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.