Басты бетЖаңалықтарАқтөбеде тағы...

Ақтөбеде тағы атыс болды

Жарақат алған күдікті жедел жәрдем көлігінің ішінде көз жұмды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров баспасөз мәслихатында айтты.

«Облыстық ІІД қызметкерлеріне 33 жастағы Е. есімді азаматтың заңсыз қару ұстайтыны, күш қолданып, өзгенің автокөлігіне иелік ететіні туралы жедел ақпарат келіп түсті. 12 қаңтарда полиция қызметкерлері «Ақтөбе-Богословка» тасжолы бойында «Лада Приора» көлігін тоқтатты. Көлікті бұрын сотталған, қазір бұзақылық жасап жүрген Е. есімді азаматтың жүргізіп отырғаны белгілі болды. Ол көліктен шығып, полиция қызметкерлеріне оқ атты. Сол кезде полиция қызметкерлері қаруын тастау туралы бұйрық бергенімен, ол атысты тоқтатпады. Салдарынан ол ауыр жараланды»,- деді облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров.

Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері де тез арада жеткен. Бірақ денесінің төменгі бөлігіне оқ тиген күдікті көлік ішінде қаза болды.

«Оқиға орнында 2006 жылдан бері Ресей Федерациясының Башқұртстаны іздеу салған «қылмыс қаруы» тәркіленді. Қазір бірнеше сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, «Билік өкіліне күш қолдау», «Қаруды заңсыз сақтау» баптары бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды. Табельді қаруды пайдаланғандарға қатысты қызметтік тексеру жұмысы басталды. Тергеу нәтижесі туралы қосымша хабарланады»,- деді Арыстанғани Заппаров.

Ақтөбеліктер қазір үрей үстінде отыр. Себебі, ресми ақпарат таратқан облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров «теріс ағым жетегінде жүргендер оқ атты» деген ақпаратты растаған емес, жоққа да шығармады. Көлік ішінде қаза болған күдіктінің өзі ғана болған.

Айта кетекік, ҚР Антитеррорлық орталығы 2017 жылдың 16 қаңтарынан еліміздің барлық аумағында террорлық қауіптің бірқалыпты («сары») деңгейі алынып тасталатынын хабарлайды.

ДереккөзBaq.kz