Альбомның басым бөлігі Берлиндегі Jazzanova Recording Studio (JRS) студиясында жазылды. Ал түсірілім жұмыстары Берлин және Алматыда таспаланған. 

JRS – 2013 жылы негізі қаланған Еуропадағы озық дыбыс жазу студияларының бірі. Дыбыс инженері әрі студияны құрушы — Axel Reinemer. Бұл студияда Reinemer жетекшілігімен Black Eyed Peas, Rihanna, Patricia Kaas сияқты дүниежүзіне танымал музыканттар мен Universal Music, Sony Music студиялары дыбыс жазған. Дәл осы студияда жазылған LP5 музыка альбомы 2020 жылы Grammy номинанты атанды.

«Қолыңды бер» миниальбомның негізгі тақырыбы – адамзат және оның көкейтесті сұрақтары.  Жоба пандемия кезіндегі адамның көңіл-күйі мен жан бұлқынысын сипаттайды. Альбомның аты айтып тұрғандай, бір-бірімізге бір сәт назар аударып, жүрек көзімен қарауға, қажет болса қол созып, бірлесуге шақырады. Сонымен қатар, бұл халықаралық жоба өнердің әлемге ортақ құндылық екенін дәріптеп, тіл, діл және мәдени алуандықтың өнерді байыта түсетінін дәлелдейді.

Әу баста біз «мәдени шекараны аттап  өтіп, жобаға  өз деңгейінде үлес  қоса аламыз ба» деп  уайымдаған едік. Дегенмен уайымымыз бекер екен. Композицияларды орындай бастағанда-ақ барлық қорқынышымыз сейілді. Бұл музыканың, өнердің күші еді! «Қолыңды бер» – музыканың мүмкіндігін тағы бір танытқан ғажап тәжірибе болды, — деді Германия музыканттары. 

«Қолыңды бер» – Maqpalsher-дің екінші халықаралық музыка жобасы. Ол 2019 жылы Лондондағы The Brunel Museum сахнасында AUA концептуал концертін өткізген еді. Сол кеште орындалған барлық мақамды жырды белгілі британ ақыны Дэвид Кук алдын ала ағылшын тіліне аударды. Мақамды жырдың бәрі көрерменге жинақ түрінде тарту етілді. 

Жақын арада  альбомды Itunes, Apple Music, Yandex Music, Spotify және тағы басқа стриминг платформаларынан тыңдап, жүктеуге болады.