— Бақытжан мырза, «Күміс кітап» қалай жазылды?
— Кітаптың идеясы бір жарым жыл бойы ішімде пісіп жүрді. Соза беруге болмайтынын түсініп, күнделікті жұмысым қызып жатқанына қарамастан, өзімді мәжбүрлеп отырғызып, он алты күнде жазып аяқтап тастадым. Достарым қаржылай қолдау көрсетіп, мың данамен шықты. Кітаптың тұсаукесері әлі болмай жатып, біраз адам оқып, әлеуметтік желілерде жақсы пікірлерін жазып жатыр. Ол қуанышты жағдай.
— «Күміс кітапты» жазуға не түрткі болды?
— Айналып келгенде, бұл кітапты жазуыма менің осы елде тұрғым келетіні ең негізгі себеп болды. Егер де менде бүгін, ертең немесе алдағы жылдары елден көшіп кететіндей ой болғанда, бұған басымды қатырмаушы едім. Осы елде өмір сүргім келгендіктен, оның тәуір болғанын қалаймын. Ал қазіргі көріп жүргендерім алдағы уақытта ойдағыдай керемет қоғам қалыптастырады дегенге сенбеймін. Қай саланы алып қарасақ та, атқарар жұмыс жетіп жатыр. Өзім күнделікті өмірімде, жүзеге асырып жатқан жобаларымда жастармен жұмыс істегендіктен, олардың арасындағы мәселелерді де байқаймын. Ертеңгі күннің келбетін анықтайтындар – жастар. Олардың қазіргі құндылықтары мен тұлғалық қасиеттері көңілімнен шықпайды. Ынжық, мойнына жауапкершілік алудан қашады, жаңа нәрсе үйреніп, өзін жетілдіруге жоқ. Уақытын бағаламайды, талапты болып талпынудан гөрі біреуге сеніп отырады. Бұл күйімен олар мықты қоғам құра алмайды.
Мен, керек десеңіз, жиырма бірінші ғасырда біз мемлекет ретінде әлем картасынан жойылып кетпейміз бе деп уайымдаймын. Бұл туралы ойлап жатқан ешкім жоқ. Біздің басымыз тоймен, жағымпаздықпен, атаққұмарлықпен қатып жүр. Кәсібилік деген нәрсе сирек кездесетін құбылысқа айналып бара жатыр. Неге? Себебі жастардың ойлау қабілеті тарылып барады. Кітап оқымайды, талаптанбайды, еңбектенбейді, тырыспайды. Содан барып ісі өнбегесін, кінәні басқадан іздеп, бұл елде «туысқан-тамыр, ағаң-көкең болмаса, ештеңе шешілмейді» деп өзін жұбатады. Өмір жолын бастамай, жеңілгендер. Осындай психологиямен болашағымыздың қандай болатынын елестете алған шығарсыз? «Бес саусақ бірдей емес қой» дейтіндер шығады. Әрине, талаптылар бар. Бірақ аз.
Осы үрдіс өзгермесе, елден кеткісі келетіндердің саны азая қоймас. Жасыратын нәрсе емес, қазір мүмкіндік туындаса елден кетуге дайын тұрған адамдар көп. Адам төрт құбыласы түгел болып жатса, елінен кете ме? Шетелде алдынан не күтіп тұрғанын білмейді. Соның өзінде елде өмір сүрудің орнына алыстағы белгісіздікті таңдайды. Демек, мына жақтағы болашағынан үміт үзді деген сөз.
Осының бәрін көре отырып, осы елде өмір сүргім келе отырып, олқылықтарды түзету үшін мен не істей алатынымды ойлап жүремін. Бұл жолы ұсынғаным «Күміс кітап» болды. Еңбегім жастарды кітап оқуға итермелесін деген ниетпен жаздым.
Халықтық медицинада күмісті тазартушы құрал ретінде қолданылады. Кітаптың «Күміс кітап» деп аталуы да сондықтан.
Кітабымды оқып отырсаңыз, «жастардың сексен пайызы кітап оқымайды» деген дерекпен танысасыз. Кітап жазудың арқасында осы көрсеткішті жетпіс бес пайызға түсірсем де, соның өзі жеткілікті. Жұрттың жүз пайызы кітап оқып кетеді деген – мүмкін емес нәрсе. Мен ондай идеалистік ұстанымда емеспін.
Кітап оқымай, жастардың көзі ашылмайды. Олардың көзқарастарын әдетте не қалыптастырады? Бірінші, үй іші. Көп үйде жастарға ақыл айтып, тәрбие беретіндей жағдай жоқ, себебі көбісі әрең күнін көріп жүр. Сосын оқу ордалары да дүниетаным қалыптастыра алмай келеді, себебі оларда білім де, сапа да болмай тұр. Бірлі-жарым ғана ардақты педагог бар. Бірақ қайтадан, бірлі-жарым педагог бүкіл елді аман алып қала алмайды.
Жағдай әбден ушыққан. Енді жастар қайда барады? Кімнің аузына үңіледі? Шоу бизнес өкілдерінің бе? Олардың не сандырақ айтып жүргенін көріп жүрсіздер. Бірі тоқал алу туралы айтса, мына жақта біреуі екіншісімен әлеуметтік желідегі пікір үшін соттасып жатыр. Міне, жастар осындай үлгі, осындай модельдерге сүйеніп, өзінің құндылықтарын қалыптастырып жүр.
Бұл мен өмір сүргім келетін Қазақстанның болашағына алып келмейді. Ақылдылардың кетіп жатқаны содан. Олар шарасыздықтан кетіп жатыр. Бұның бәрін айту керек, себебі ауруын жасырған өледі. Жиырма бес жыл ішінде біз ұрандатуды әбден жетік меңгердік, әдемі даму бағдарламаларын жазуды үйрендік. Қолдан іс келмейді, бұл күймен қазақ адамзатқа бір нәрсе беру түгіл, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптаспайды. Елулікке «кірдік», бірақ дамбалымыз жыртық. Өткен жолы тасжолда көлігімнің дөңгелегі жарылды, себебі жолда шұңқыр көп. Жол тайғақ, сол шұңқырдың кесірінен көлігімді лақтырып жіберіп, өліп қалуым да ғажап емес. Талай адам жолда солай кетіп те жатыр. Дамыған елулікке «кіргеніміз» осы. Маған және мыңдаған азаматымызға бұндай елулік керек емес. Жолдардың жақсы болғаны керек.
— Сіздің ойыңызша, жастардың қазіргі құндылықтары қандай?
— Қазіргі жастардың құндылықтары басқа, психологиясы біркүндік: өзі ләззатын көрсе, жұлып алса. Ертеңге деген жауапкершілік жоқ. Бүгінгі некелердің ажырасумен аяқталып жатқаны да содан.
Бұрын қазақ жеті атамен қоса жеті ұрпағына да аса назар аударатын болған. «Жеті ұрпақты білудің не қажеті болды?» деген сұрақ туындайды осы жерде. Бәрібір ары барса, шөпшектен кейінгісін көре алмайсың. Одан кейінгісін немене дейді. Көргеннің өзінде де танымайсың, себебі алжып жатасың. Қазақ не үшін осылай ойлап қойғанын мен ойландым. Бұл қазақтың философиясындағы он төрт буынды қамтитын жүйе. Сен орта есеппен жиырма жылдан алғанның өзінде, 300 жылға жуық аралықтағы бір буынсың. Демек, сен тек өзің үшін ғана жауапты болмай, өзіңе дейінгі және өзіңнен кейінгі жауапкершілікті сезіне алатын жағдайдасың. Елің үшін, ұрпағың мен болашағың үшін жауапкершілікті көтересің. Бұл, менің пікірімше, қазақтың осы күнге жетуінің басты факторларының бірі. Қазіргі жастардан мен мұндай жауапкершілікті байқамаймын.
Расын айтатын болсақ, қазіргі жастардың көбінің ертеңгі күнін ойлауға ақылы да жетпейді. Неге? Себебі оқымайды. Кітаптың бетін ашпайды. Үлкендерді тыңдамайды. Әңгімесі жарасқан тыңдайтын үлкендер де жоқ. Бірлі-жарым адам ғана болмаса, басқасын көріп жүрген жоқпын. Бар да шығар, алайда оларды үйлеріне іздеп барып жүрмейсің ғой. БАҚ-қа шықпайды, журналистер жазбайды, мемлекет бір жиындар өткізсе, оларды шақырмайды. Оны қай жерден естіп-тыңдайсың? Осыдан сабақтастық та жоғалады. Сондықтан жастар өз мәселесімен бетпе-бет қалып, өз сорпасына өзі қайнап жүр.
Былтыр жастар форумына қатыстым. Жақсы нәрселер де аз да болса айтылды, бірақ жастардың кейбіріне қарап, араларында аға буынымыздың ішіндегі жағымпаздардың орнын басатын жаңа буын өсіп келе жатыр ма деп қалдым. Мұның бәрі жақсылыққа апармайды. Оны түсіну үшін, ел аралап, салыстыру керек. Мен көптеген елдерде болдым. Барлық жерде жастар кітап оқиды. Біздің елде болса кітап бетін ашып жүрген жастарды аз байқаймын. Алты жыл оқыса диплом үшін оқиды. Диплом үшін оқу – білім қуалау емес. Оның мақсаты диплом алу, болды. Ертең қандай ел боламыз деп ой жүгіртіп жүргені екіталай. Мен соған таң қаламын. Бұл жауапкершілікті мойнына алмаудан шығады. Жауапкершілікті сезінген жастар «Аға-көкем болмаса ешкім емеспін» немесе «мемлекет не қоғам кінәлі» деп сылтау қылмайды. Тырысады. Сондықтан да мен жастар кітап оқысын, кітап оқу трендке айналсын деп, «Күміс кітапты» жазып отырмын. Кітапты көп оқыған адамда білім бар, білім көп болған сайын адам мүмкіндікті сырттан іздемей, өзі қалыптастыра алады. Ал әрбір мүмкіндік – ол табыс көзі. Мүмкіндікті өзі үшін өзі жасай алатын адам – мықты қоғам құруға қабілетті адам.
— Мүмкін кітап оқығысы келетін жастар көп, алайда қазіргі авторлар қызықтыра алмайтын шығар?
— Бізде жыл сайын мыңдаған кітап басылады, бірақ жай ғана макулатура деңгейінен аса алмай жатыр. Оқырманы жоқ. Не үшін? Оқылмайтын идеологиялық бағыттағы кітап. Шығып жатқан кітаптардың тағы бір түрі – еріккеннен, өздерін мақтағысы келетіндіктен жазылатын кітаптар. Мен бұл туралы кітабымда да айтып өттім. Бір кісі алашордалықтарға арнап кітап шығарған. Сырты әдемі қалың кітап. Сонда кітаптың ары барса бес пайызы ғана алашордалықтар тақырыбын қамтыған екен. Қалғанын автор өзін ұлықтауға арнапты, өмірбаянын жазған, танымал тұлғалармен түскен суреттерін келтірген.
— Жастарға қалай кітап оқытамыз?
— Қазақ, сірә, мақтаншақтықтан арыла алмайтын шығар. Олай болса, мақтаншақтықтың басқа конструктивті формаларын іздеп қалыптастыру керекпіз. «Мен жүз кітап оқыдым, мықты болсаң, тырысып көр» деген «понттың» жаңа түрін шығару керек. Біз «понтсыз» өмір сүре алмаймыз ғой. Жаңа айфон шықса, келесі күні қазақтың қолында жүреді. Одан гөрі мына кітап оқып жарыс немесе өзіңнің арманыңнан бас тартпай, көкейіңде жүргенді жүзеге асырып көр. Жастар арасында осындай «понт» қалыптастырайық. Кітаптың жазылуындағы мақсат – осы.
— Кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастыру керек?
— Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қалыптасқан жағымсыз тозық трендтерді сындырудан басталады. Мен айтып отырмын ғой, кітап оқысаң мүмкіндік жасайсың. Ал мүмкіндік дегеніміз – ол ақша. Жастардың ойында ақша жүр ме? Жарайды, осылай түсіндірейік. Ақша тапқың келе ме? Сен аға-көкеңе сенбе. Ол ескірген тренд. Оның сәні кетті. Ол мақтанатын нәрсе емес. Егер сен осы позицияны ұстанатын болсаң, ертең сенің кесіріңнен елің құриды. Міне, осыны айту керек. Өз күшіңмен ақша табудың басқа да жолдары бар. Оның сауабы көбірек және ардақтылау. Ал, «танысым бар» деп өзін жұбатып, бірақ өзін дамытуға бір артық қадам жасамайтындар үшін бір мысал келтірейін:
Бір жігіт бар болатын. Алты жыл оқып, не қосымша жұмыс істемеді, не ештеңеге қызықпады, құр бекерге уақытын өткізіп жүрді. Содан: «Ертең мына ұядан ұшқан соң бір жерге барып басыңды тығуың керек қой. Қайда барасың? Кім алады сені?» — деп сұрасам: «Астанада бір таныс бар», -дейді. Кейін білсем, сеніп жүрген танысы – танысының туысқанының біреуі, Астанада бір мекемеде бөлім бастығының көмекшісі екен. Бұл көзқарастан арылу керек. Ал біреу арқылы не жалынып, не пұлын беріп жұмысқа тұрдың. Бірақ сен елдің ертеңгі құлдырауына үлесіңді қосасың. Ертең балаларыңа не бетіңмен қарайсың? Міне, осындай категорияларды қалыптастыру керек. Өз күшіңмен аяққа тұрып, өзіңе қажетті мүмкіндік жасап, сол арқылы ақша тапсаң, сен мықты боласың. Осындай мықты азаматтар көп болса, мықты Қазақстан болады. Қарапайым нәрсе. Осыны сәнге, жастар үшін «понтқа» айналдыру керек.
Сұхбаттасқан Әсел Сарқыт, суреттер Дана Маратова
Оқырмандар назарына!
«Күміс кітап» кітабының тұсаукесері 18 қаңтар күні Алматы қаласындағы «Меломан» GRAND дүкенінде өтеді. Басталуы 18:30-да.
Астана қаласындағы тұсаукесер 20 қаңтарда «СарыАрқа» ойын-сауық орталығындағы MARWIN дүкенінде өтеді. Басталуы 19:00-да.
Кіру тегін.
Талабыңа нұр жаусын Бақытжан. Өзіңді сырттай бақылап отырамыз. Жасап жатқан істеріңе береке берсін. Өзіңдей қазақтың жігіттері бар кезде мен елімнің ертеңіне сенемін. Аман жүр, айналайын! Тілекші, Атыраудан Айткүл апаң!
Казирги кезде әлеуметтик желилерде мен жылына 1000 китап окыдым деген жазбаларджы окып менин де китап окуга ниетим ашылып жур. Жаксы бастама. Китап окып жарысайык!
ияя!
Менин кызым 16 да. Осы уакытка дейин 150 ден аса китап окыды, бирак бари орыс тилинде. Казак тилинде окитын китап жок дейди. Ози орыс тилинде китап жазып жатырганына 2 жыл болды. Окып кордим, оте кызыкты. Ешкимге жария еткиси келмейди. Еки досы бар, сол екеуи — онын окырманы, жалгасын асыга кутип журеди. Казир 360 беттен асты, жакында аяктаймын дейди.» Болгасын баспага беру жагын карастырайык» десем, «казир ешким китап окымайды, кажети жок»,- дейди. Баланын каусар киялымен шынайы жазылган шыгармасы окырман журегине жол табатынына сенемин.
Жақсы ғой, талабыңа нұр жаусын! Тек арғы фонда «Қазақстандықтар жасаған» деген ұран болу керек. Орысшадан сөзбе сөз аударған осы ұран қашан қазақша сөйледі!!! Осыдан бастау керек. Айтпақшы сайт ұйымдастырушылары біреуі болсын осыны байқамады дегенге сенбеймін. Сонда олар не сауатсыз, не немқұрайды болып шыққаны, солай ма?! Жазушы бауырым өзі байқап па, жоқ па? Жауап күтеміз!!!!
Мен 32 жылдан бері мұғаліммін.Өте орынды мәселе көтеріп отырсың ЖАРАЙСЫҢ!!! кітабыңды алып мектепте пікірталас өткізгім келеді.
Неге Қазақ тілінде керемет кітаптар бар, Кітапханада. Пікіріңізге толықтай келісемін. Кітап оқы керек. Кітап оқу мәдениетіне ең алдымен уйде ата -ана бағыттау керек. сосын мектеп т.с. жалғаса береді. Жастардың болашағына жаным ашиды. Елімізде әр жыл сайын белгілі бір ақын жазушыға арнап «Бір ел — бір кітап» акциясы өткізіліп тұрады. бүл акция неге тренд емес деген сұрақ? мүмкін насихат көбірек керек шығар жастардың жүретін жерлерінде, интернеттерде жарнама көрсететін жерлерде шығып тұрса біреу болмаса біреу қызығып оқидау деген үміт бар. мемлекеттен насихатына қаржы бөлінсе шіркін. . . .
Бақытжан Бұқарбай жарайсыз!!! Сізбен мақтанамыз! Кішкене ұсынысым бар: нағыз елдің кітап оқуына жанашыр азамат ретінде осы кітабыңызды тегін электрондық жүктеу жасауға мүмкіндік жасасаңыз. Рахмет
Өте керемет сұхбат. Осындай еңбегіңіз көбейе берсін.
Керемет өте ризамын сізге, міндетті түрде осы кітапты оқып шығамын, осында қаралған мәселелердің барлығы шындық, енді кішкене болсы жастарың санасына өзгеріс енеді деп сенемін! Ал сізге сәттілік тілеймін, еңбегіңіз бағалы болсын