Білім министрлігі өңірлердегі бірқатар мектеп басшысына шара қолдануы мүмкін

Осыған орай ведомство бірқатар өңірдің әкімдіктеріне хат жолдады. Белгілі болғандай, лауазымды тұлғалар мектеп ауласындағы дәретханаларға қатысты сұрақтарды шешу және бейнебақылау камералармен, сонымен бірге дабыл батырмалары және қауіпсіздік жүйелерінің басқа элементтерімен қамтамасыз етуі қажет болған. Мектептерді қаржыландыру функциялары, олардың құрылысы және қажетті жағдайлар жасау, оның ішінде санитарлық, қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету мәселелері заң жүзінде әкімдіктердің құзырында екенін атап өткен жөн.

Инспекция барысында Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарындағы және Шымкенттегі мектептерде жылы дәретханалармен қамтамасыз ету бойынша көрсеткіштің 100%-ға жетпейтіні анықталды. Бұған дейін Үкімет оқу жылының басында мектеп ауласындағы барлық дәретхананы жою міндетін қойған болатын, − делінген ведомство хабарламасында.

Жаңа оқу жылының қарсаңында Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің қызметкерлері еліміздің барлық облысы мен қаласындағы әкімдіктерге ведомстволық бағынышты мектептерді тексерді.

Бұдан басқа, жылы дәретханалардың эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігі бойынша да сұрақтар туындайды. Талапқа сәйкес жабық кабиналар, қолды жуу және кептіруге арналған құрал-жабдықтардың болуы міндетті. Осы секілді мәселелерді шешу үшін комитет санитарлық ережелерге өзгерістер енгізді.

Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдармен қысқа мерзімде 2 600-ден астам жылы дәретхана салынды. Сонымен бірге Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында бейнебақылау камераларын орнату бойынша мәселелер әлі шешімін тапқан жоқ.