Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда зергерлік...

Қазақстанда зергерлік бұйымдардың 90 пайызы жалған сынамамен сатылады

Зергер Таймас Мұқашевтің айтуынша, ел нарығындағы басым бұйымдардың сапасы көрсетілген сынамасына сай емес.

«Біздің сынама палатамыздың қазір 80-90 пайызы өтпейді. Ал Ресейден келіп жатқандардың шамамен жартысы өткен, жартысы өтпеген. Өтірік сынамалар», -дейді ол.

Таймас Мұқаешвтің сөзін Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы да растады.

«Кез келген базарға, сауда орындарына барсаңыздар, алтын бұйымдарды шекілдеуік сатқандай саудалап тұрады. Оның бәрі елге контрабанда арқылы кірген түрік алтыны. Ең алдымен олардың сапасы талапқа сай емес. 585 сынама белгісі тұрғанымен, шындығында 300-діктің деңгейіндегі металл. Тіпті кейбірінің алтын екеніне күмәнім бар. Сатушылар тиісті салықты төлемейді. Бар болғаны сауда орнын жалдағаны үшін ғана ақша шығарады», — дейді Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан зергерлер лигасының төрағасы.

Зергерлер халықтың бұйымның сапасына емес, төмен бағасына қарап алатындығын жеткізді. Бүгінде зергерлік бұйымдар нарығы реттелмеген. Мамандар тіпті оны «жабайы нарық» деп атап кеткен.

«Егер Түркияның алтын базарына барып, бағалы металл алсаңыз, өзінің қалаған сынама белгісін қойып береді. Тіпті 999 дегенді де жасайды. Сондықтан бұл жақтан әшекейлер контрабандалық жолмен сөмке-сөмкемен, тонналап келіп жатыр. Салдарынан жергілікті зергерлердің жұмысы тұралап қалды, — дейді зергерлер лигасының төрағасы.

Айта кетейік, 2013 жылдың соңында Астанада ашылған аффинаж зауыты былтырдан бастап зергерлер үшін шағын көлемдегі алтын кесектерін шығара бастады. ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау зауыттың бүгінгі жағдайы туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, «Тау-кен Алтын» аффинаж зауыты 2016 жылы 12 тонна алтынды өңдеп, Ұлттық Банкке сатты. «Биылғы жоспар 200 келі», — дейді Альберт Рау.

 

ДереккөзКhabar.kz