Қызды алып қашып кетсе не істеу керек?

Қалыңдықты алып қашу — ұлттық дәстүр мен салт па, жоқ әлде қылмыстық жазаланатын әрекет пе, оны анықтау үшін қыздың өз еркімен келген-келмегенін анықтау керек. Егер қыздың еркінен тыс, алдын ала келісімсіз, оны күштеп ұстап, басқа жерге апарса – аса ауыр қылмыс деп есептеледі.

Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша, «Адамды ұрлағаны үшін»  4 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кәмелетке толмаған адамды ұрлап әкеткені үшін – мүлкін тәркілеп 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұл қылмыс үшін ең жоғарғы жаза – мүлкін тәркілеп 15 жылға бас бостандығынан айыру.

Алып қашып кетсе, қайда хабаралу керек?

Егер сіз ұрлап әкетудің құрбаны болсаңыз немесе сіздің көзіңізше осындай оқиға орын алса, шұғыл полицияға хабарлаңыз. Ол үшін 102 телефоны арқылы тікелей кезекші бөлімге, полиция тірек бекетіне, жол-патрульдік полиция жасағына хабарласуға болады.

Мүмкіндігінше, полицияға автокөліктің маркасын, нөмірін, ұрлап әкетушілердің белгілері сияқты ерекше белгілерді хабарлаңыз.

Бұл туралы ұрланған адам ғана емес, сонымен қатар алып қашудың куәсі болған немесе адам ұрланды деп болжаған кез келген адам хабарлай алады.

Тергеу басталуы үшін қыздың арызы қажет пе?

Жоғарыда аталған бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жәбірленушінің жазбаша арызы болмаса да басталады.

Егер қызды өз еркімен босатса…

Егер адам өз еркімен ұрланған қызды босатса және оның әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, онда ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Кінәлі адам жәбірленушіні одан әрі де ұстауға мүмкіндігі болып, бірақ оған бостандық берген жағдайлар өз еркімен босату деп танылады.

Неке жасы

Айта кету керек, Қазақстанда неке жасы 18 жастан бастап белгіленген. Жекелеген жағдайларда некеге отыратын адамдардың өтінішхаттары, келісімі, сондай-ақ ата-аналарының (қамқоршыларының) келісімі болған кезде неке жасын төмендетуге рұқсат беріледі, бірақ 16 жастан төмен болмайды.