«Болашақ» стипендиясының иегерлері анықталды

Отырыста білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссиясы хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалды. Сонымен бірге «Болашақ» халықаралық стипендиясын іске асыруға қатысты бірқатар мәселе қаралды.

Комиссия шешімімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы магистратура, докторантура, резиндентура бойынша оқитын, әрі әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік орталықтарына тағылымдамадан өтуге жіберілетін 196 үміткерге тағайындалды.

Айта кетейік, стипендиаттар әлемнің 16 елінің жетекші білім ошақтарында, соның ішінде АҚШ (Гарвард университеті, Колумбия университеті, Массачусетс технологиялық институты), Канада (Торонто университеті), Ұлыбритания (Лондон экономика және саясаттану мектебі, Лондон Империялық колледжі, Лондонның Корольдік колледжі), Жапонияда (Токио университеті) тағы басқа оқу орындарында білімдерін жетілдіре алады.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1 055 стипендия бөлінді. Соның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. Қосымша 500 стипендия тағылымдаманың «Ғалымдар» жаңа санаты бойынша берілді. Бұл санат президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында бекітілген.

«Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау осы жылғы 4 мамырдан 28 қазанға дейін жалғасады.

Отырыс қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев бірқатар нақты тапсырма берді. Әсіресе «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының оқу және еңбекпен өтеу барысын бақылау және қадағалауды күшейту мәселесіне баса назар аударды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы иегерлерінің тізімі Халықаралық бағдарламалар Орталығының ресми сайтында жарияланды.