Есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақан қызметінен босатылды

Сенат депутаттары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақанды қызметінен босатты.

Қаржы және бюджет комитеті Сенат регламентінің 81-1 тармағын басшылыққа ала отырып, өкілеттіктерді тоқтатуды және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Жақан Талғат Амангелдіұлын қызметінен босатуды ұсынады, − деді Сенат депутаты Ольга Перепечина.

Айта кетейік, ол бұл қызметті 2016 жылдан бері атқарады. 31 тамызда басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босату туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына өтініш берді.

Ольга Перепечина Есеп комитетінде жұмыс істеген кезінде Талғат Жақан өзін жауапты және білікті басшы ретінде танытқанын баса айтты. Оның басшылығымен ұлттық холдингтер мен компаниялардың және Ұлттық қордың тиімділігіне қатысты аудит жүргізілген.