Сенім грамоталарын мемлекет басшысына Эстония Республикасының елшісі Тоомас Тирс, Әзербайжан елшісі Агалар Атамогланов, Испания Корольдігінің елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро, Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландия елшісі Кэтрин Джейн Лич, Румыния елшісі Мэдэлина Лупу, Италия Республикасының елшісі Марко Альберти, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Моника Иверсон, Бельгия Корольдігінің елшісі Анри Вантигем, Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Кестутис Янкаускас, Қырғыз Республикасының елшісі Дастан Дюшекеев табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады. Президент олардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі достас халықтардың әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық орнатуына ықпал етеді деген сенімін жеткізді. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Үкімет елшілердің миссиясын жоғары деңгейде орындауына қолдау көрсететінін айтты.
Қазақстан президенті елшілер алдында сөйлеген сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды.
Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл – біз үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде еліміз ішкі тұрақтылығымен, экономикалық өсімімен және сыртқы саясаттағы орнықты ұстанымымен танылды. Биылғы Жолдауымда экономикалық реформалар туралы жан-жақты айттым. Сонымен қатар демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және заң үстемдігін ілгерілетуге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің Covid-19 пандемиясымен күрес кезінде халықаралық серіктестерімен ынтымақтастығын атап өтті.
Қазіргі уақытта адамзат Covid-19 пандемиясынан медициналық, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстан зардап шегуде. Бұл халықаралық жүйенің ғаламдық төтенше жағдайларға қаншалықты дайын емес екенін көрсетті. Пандемиямен күресте Қазақстан өзінің жаһандық серіктестерімен ынтымақтастықтың арқасында Ресейден, Қытайдан және АҚШ-тан вакциналар жеткізуді қамтамасыз етіп келеді. Еліміз тиімді, ең бастысы, қауіпсіз вакцина жасап шығарды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алғаннан кейін біз оларды шетелдерге жеткізе аламыз. Пандемия, жаппай қырып-жою қаруының таралуы және климаттың өзгеруі сияқты ғаламдық қауіп-қатерлермен күресте күш біріктіргеніміз абзал. Ядролық қарудан азат әлем құру Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты болып қала беретінін атап өткім келеді. Мен былтыр БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің аясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құруды ұсынып, жаһандық күн тәртібінің тағы бір өлшемін ұсындым, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды, – деді мемлекет басшысы.
Қазақстан президенті Эстония Республикасының елшісі Тоомас Тирске екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын айтты.
Қазақстан мен Эстонияны ортақ тарихи белестері біріктірсе, қазір саяси және экономикалық мүдделер байланыстырып келеді. Сіздің еліңіз – Қазақстанның Еуропалық Одақ пен Балтық өңіріндегі маңызды серіктесі. Біз жасыл экономика, көлік және логистика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді пайдаланамыз деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Агалар Атамоглановқа Әзербайжан Қазақстанның Еуразиялық кеңістіктегі, содан кейін, әрине, Каспий өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі екенін айтты.
Біздің көпжақты ынтымақтастығымыздың барлық саласына тың серпін беру өзекті мәселе, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хорхе Урбиолаға қарата айтқан сөзінде Испанияны екіжақты және көпжақты деңгейдегі сенімді саяси серіктес ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді.
Өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, инфрақұрылым, баламалы энергия көздері, тамақ өндірісі, денсаулық сақтау, білім беру және туризм сияқты салаларды өркендету үшін тиімді мүмкіндіктер ашылуы ықтимал, – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландия елшісі Кэтрин Джейн Личке Қазақстан экономикасындағы бесінші ірі инвестор саналатын Біріккен Корольдікпен арадағы стратегиялық ынтымақтастықты жоғары бағалайтыны туралы айтты.
Қазақстан мен Ұлыбритания арасында жақын арада қол қойылатын Жасыл экономика саласындағы бірлескен саяси декларация мен ынтымақтастықтың жол картасы біздің серіктестігімізге тың серпін береді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елші Мэдэлина Лупуға арнаған сөзінде Румыния мен Қазақстанның екі үлкен нарықтың ортасында орналасқанын атап өтті.
Бір жағынан Қытай, Ресей, Орталық Азия және Каспий аймағын, екінші жағынан Еуропалық Одақ пен Қара теңіз аймағын қамтиды. Бұл біздің кәсіпорындарымызға мұнай-газ өнеркәсібінен бөлек басқа да түрлі салаларда ынтымақтастықты арттыруға жол ашады, – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Италия Республикасының елшісі Марко Альбертиге Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді серіктесі Италиямен арадағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Ресми Рим – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Біз Италиямен өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергия көздері, жаңа технологиялар салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Германия Федеративтік Республикасының елшісі Моника Иверсонға екі мемлекет өзара түсіністік пен ортақ басымдықтарға негізделген берік қатынастар орнатқанын айтты.
Берлинге сапарымнан кейінгі соңғы екі жылда Қазақстан-Германия қарым-қатынасы орнықты дамып келеді. Кеше ғана мен Солтүстік Қазақстанда CLAAS компаниясы инвестиция салған кәсіпорынға бардым. Бұл жоба – біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың қарқын алғанының тағы бір дәлелі.
Мен атап өткен CLAAS Group кәсіпорнымен, сонымен бірге Siemens, Linde, BASF, Svevind Energy, Knauf, Martin Bauer, Baumann, Goldbeck Solar және басқа да компаниялармен бірлескен жаңа жобалар – біздің ортақ жетістіктеріміз. Қазақстан технология, білім беру және әлеуметтік интеграция саласы бойынша жетекші экономикалық держава саналатын Германиямен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігінің елшісі Анри Вантигемге екі мемлекеттің орнатқан берік қарым-қатынастарын жоғары бағалайтынын айтты.
Екі ел арасында энергетика, жаңартылатын энергия, ауыл шаруашылығы және химия салаларын қоса алғанда, әртүрлі салаларда экономикалық байланыстар жолға қойылған. Брюссельге жоспарланған сапарым біздің қарым-қатынасымызда пайдаланылмаған үлкен әлеуетті ашуға көмектеседі деп сенемін, – деді президент.
Мемлекет басшысы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы, елші Кестутис Янкаускасқа Брюссельге жасайтын сапары Еуропалық Одақты да қамтитынын жеткізді.
Мен Президент Чарльз Мишельге серіктестіктің жаңа жоспарын жасау үшін жеке кездесуге дайын болғаны үшін алғыс айтамын. Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерімен арадағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы алғаш рет қол қойылған Келісімнің күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге шығарды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елші Дастан Дюшекеевке Қазақстанның Қырғыз Республикасымен стратегиялық серіктестікке ерекше назар аударатыны туралы айтылды.
Биылғы наурыз айында Президент Садыр Жапаровтың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы өзара іс-қимылды кеңейтудің басты бағдары болды. Қарым-қатынастарымызды одан әрі тереңдету мақсатында қырғыз әріптесімнің 2022 жылдың басында Бішкекке сапармен келуге шақыруын ризашылықпен қабылдадым, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсім соңында елшілер арқылы мемлекет және үкімет басшыларына сәлемі мен игі тілегін жолдады.
Қызметке кіріскен елшілер президентке өз елдері мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтындарын айтты.