Асанәлі Әшімов: Қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай қорқамын

“Біз төрт жасымыздан бастап еңбекке араластық. Қырманда жүріп есейдік. Шынында да, адам сәу­лет­шісі – Ана ғой. Ойлап қара­ңызшы, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқаушы да сол ана емес пе?!”, – дейді актер.

Әңгіме барысында Әшімов ана құшағының жұмақ мекен екенін бағамдауға болатын ғалымдардың зерттеуін сөз етті.

Ғалымдар анасынан айырылған май­мыл балалар үшін екі қуыршақ май­мыл ана жасап, бірінің омырауынан сүт шыға­тын, денесі қатты да суық етіп, екіншісінің омырауынан сүт шық­пайтын, бірақ денесін жылы да жұмсақ етіп, жасаған екен. Май­мыл балалары сүті бар денесі қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да денесі жұмсақ қуыр­шақты ана ретін­де қабылдап, соның бауырына тығы­лыпты.

Ал жас­тайынан шеше бауырында есейген актер үшін ананың орны тіптен бөлек болатын. Әртістің анасы «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп жиі айтып отырған.

“Егер әйел адам жалаңаш­тана бастаса, ұлттың жаны жа­лаң­аштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласа­пыран, алма­ғайып күндерде де аналарымыз жаулығын тастаған емес”, – дейді Әшімов.

Айналама қарай­мын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқан­дай

“Айналама қарай­мын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқан­дай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, еж­ел­­ден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып ала­мыз ба деп алаңдаймын”, – деп кейіді актер.

“Ал қазір ше? Айдың, күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Бастағы ора­малдың мәнісі де жат жұрт­тық болып, ана атану еді. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Бая­ғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұза­тылғасын көзден жаулық арқылы көле­гейленбесе, қасиет қай­тады деп айта­тын. Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айы­рылып қала­тын­дай», – деді cөз соңында Асанәлі Әшімов.

Дереккөзult.kz