Басты бетҚоғамЕнді қазақстандықтар...

Енді қазақстандықтар жеке куәлік алу үшін бажды QR-код арқылы төлей алады

Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Клиент құжат рәсімдеуге өтініш қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген кезде, кассаға бармай-ақ, мемлекеттік бажды Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларындағы QR-төлем жүйесі арқылы төлей алады.

Бұрын QR-кодпен жер учаскелеріне актілерді дайындау және беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, кондоминиум объектілері бойынша қызметтерді және жер қатынастары саласындағы басқа да мемлекеттік қызметтерді төлеуге болатын. Енді кассаға кезекке тұрмай-ақ, құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Айта кетейік, жеке куәлік үшін мемлекеттік баж – 584 теңге, паспорт үшін 23 336 теңгені құрайды.

Жеті ай ішінде қазақстандықтарға паспорт пен жеке куәлік беру бойынша 1 577 мың қызмет көрсетілді.

Азаматтарға арналған үкімет QR арқылы төлем жасау мүмкіндігін былтыр қараша айында енгізген болатын. Бүгінде клиенттер мемлекеттік қызметтердің 146 түрін QR-код арқылы төлей алады.