Отандық QazVac вакцинасын клиникалық зерттеу аяқталды

Зерттеу институтының бас директоры клиникалық сараптаманың нәтижелері қандай болғанын айтты.

Бүгінде үшінші кезең бойынша барлық клиникалық зерттеу аяқталып, 9 шілде күні соңғы талдау нәтижесі алынды. Шілденің соңына дейін талдау нәтижесі тағы бір өңделіп, мәліметтердің статистикасы жасалды. Бұл жұмысқа 3 мың адам қатысып отыр. Сонымен бірге шілденің соңында клиникалық зерттеудің қорытынды есебі әзірленді. Қазіргі күні қорытынды есеп Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптауынан өтіп жатыр, оның нәтижесі әлі келген жоқ. Дегенмен, біздің әзірлеген есепке қарап, алғаш отандық вакцинаны клиникалық зерттеу сәтті жүргізілді деп айтуға болады, – деді Күнсұлу Закарья ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған қоса, ғалым QazVac-тың үшінші кезеңіне қатысты қорытынды есебіне оң баға берілген жағдайда, вакцина туралы ғылыми мақалалардың жарық көретінін жеткізді.

Егер QazVac-тың үшінші кезеңі бойынша барлық клиникалық зерттеу есебін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мақұлдаған жағдайда біз қазақстандық вакцина туралы көпке танымал журналдарға мақала жария етпекпіз. Мақсат – отандық ғылымның жетістігін дәріптеу. Әзірге қандай журнал және мақаланың қай уақытта жарияланатыны белгісіз, – дейді Күнсұлу Закарья.