Бақытжан Сағынтаев: Туристердің қауіпсіздігі үшін тауда үйшіктер орнатылады

Бақытжан Сағынтаев Instagram-парақшасында Алматының тау кластерінің туристік әлеуетін дамытуда ең бастысы − туристер мен альпинистердің қауіпсіздігі мен жайлылығы екенін атап өтті.

Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі модульдік құрылым сияқты үйшіктердің қалай құрастырылып жатқанын тексерді.

Қызғылт сары түсті модульдердің іші жылыту пеші, апаттық жағдайда қажет жинақпен жабдықталған. Ішінде алғашқы көмек көрсету жинағы, маршрут картасы, мобильді құрылғыны қуаттау стансасы, жылы көрпе мен азық-түлік жиынтығы бар. Шатырда SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне жіберетін дабыл түймелері бар радиорелелік діңгектер орнатылған, − деп жазды Бақытжан Сағынтаев.

Таудағы қауіпсіздік шаралары шеңберінде Үлкен Алматы мен Тұйық су шатқалдарында бақылау-құтқару пункті ашылады. Онда тікұшақ алаңын ашу да жоспарда бар. «Шымбұлақта» қысқы маусымға дайындық жүргізіліп, шаңғы трассалары мен қонақ үй жаңартылып жатыр. Сонымен бірге визит-орталық ашылады.

Алматы әкімі Medeu Park Hotel-ді құру, жаңартылған Qazaq Auyl экокешені мен альпинистердің сүйікті мекені – Тұйық су шатқалындағы глэмпингті құру жобаларымен танысты. «Медеудің» төменгі бөлігінде арқаны бар саябақ пен денсаулық жолы салынып жатыр.