Басты бетЖаңалықтарПетропавлда аялдаманың...

Петропавлда аялдаманың әйнегін сындырған бойжеткен жауапқа тартылды

Петропавл қалалық әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған соты қоғамдық орында мас күйде құқықбұзушылық жасаған облыс орталығының тұрғынын 434 баптың 1 бөлігі − «Ұсақ бұзақылық» бойынша кінәлі деп тапты. Бойжеткен сот үкімімен 3 тәулікке қамауға алынды.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 1 қыркүйек күні сағат таңғы 5:00 шамасында Петропавл тұрғыны полицияға хабарласып, құрылыс-экономикалық колледждің маңындағы әйнек аялдаманы біреулердің сындырғанын айтқан еді. Полицейлер бұзақыларды сол жерде ұстады.

Аялдама павильондарын бұған дейін де бұзақылар зақымдап келді. Биыл қаңтар айында бірден үш аялдаманы қиратқан жігіттерге қылмыстық іс қозғалды. Олар мұндай құқық бұзушылыққа арақтың буымен барады», − дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бөлім бастығы Рустам Садулов.

Жалпы, бұл өңірде жыл басынан бері ұсақ бұзақылық жасағандарға қатысты 2 300-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.