Басты бетҚоғамЭкология министрі...

Экология министрі еліміздегі ауасы ең лас қалаларды атады

Министрдің айтуынша еліміздің он қаласында ауа лас деңгейде.

Биылғы экологиялық мониторингтің нәтижесінде Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары екені анықталып отыр, — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Ведомство зиянды заттардың ауаға таралуын азайту үшін бірқатар шара қабылдады.

Біріншіден, Экологиялық кодекске сәйкес, кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізеді.

Екіншіден, «АрселорМитталТеміртау», «ҚазМырыш» сияқты ірі кәсіпорындар шығарындыларды 20-30%-ке дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Экология министрлігі олармен тиісті меморандум бекітті.

Үшіншіден, 2025 жылға қарай он қалада бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін шығарындылар лимиті кемінде 20% төмендетіледі. Облыс әкімдіктері осындай жұмысты екінші және үшінші санаттағы кәсіпорындар үшін өткізуге тиіс.

Төртіншіден, шығарындыларды азайту мақсатында әкімдіктер елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыруы қажет. Сонымен қатар қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру жұмысын одан әрі жүзеге асырған жөн.