Басты бетЖаңалықтарЕрбол Қарашөкеев...

Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы министрі болды

Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалсын, — делінген жарлықта.

Ербол Қарашөкеев мұның алдында ауыл шаруашылығы вице-министрі болды және министрдің міндетін уақытша атқарды.

Ол 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген.

әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі — экономист, бакалавр академиялық дәрежесімен менеджмент саласындағы маман, экономика магистрі, заңтану бакалавры.

Еңбек жолын 1998 жылы Статистика агенттігі Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған.

Ербол Қарашөкеев «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы лауазымында, сонымен бірге Президент әкімшілігінде, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінде түрлі қызмет атқарды.

Еске салайық, 2021 жылдың 10 шілдесінде бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров президент сынынан кейін лауазымынан босатылды. Бұған биылғы жазда құрғақшылық пен жем-шөп бағасы өсуіне байланысты Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында мыңнан астам малдың қырылуы себеп болды.

Мұндай қиын жағдайда министрлік шұғыл және батыл шара қабылдауы керек еді. Алайда министрлік жұмысты уақытында жүргізе алмады. Сондықтан министр Сапархан Омаров отставкаға кетсе, дұрыс болады деп есептеймін, – деді президент 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Кейін Сапархан Омаровтың «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне сайланғаны белгілі болды.