Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі экология мәселесі басты назарда болуға тиіс.
Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды. Сондықтан мейілінше ластанған он қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшірген жөн. Биыл батыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету ісін жақсарту үшін жалпы сомасы 700 миллиард теңге болатын үш жоба бойынша жұмыс басталады. Бұл «Қашағандағы» газ өңдеу зауытының және «Мақат-Солтүстік-Кавказ» магистарльды газ құбырының құрылысы. Сондай-ақ, «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральды газ құбырының жаңғырту жұмысы, — деді президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге ауыз су мәселесін шешу үшін жаңа технологиялармен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек екенін айтты.
Тағы бір маңызды мәселе бар. БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 процентке жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялармен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жүмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, алдағы жылдары еліміздің алты облысында тоғыз су қоймасы салынады.
Су нысындарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл ауқымды жоба, бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан Маңғыстау» су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл Үкіметтің алдында тұрған басты міндеті, — деді мемлекет басшысы.