Басты бетЖаңалықтарПрезидент: Қазір...

Президент: Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр

Президент Қазақстан халқына жолдауы кезінде биылғы ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығында түйіткілді мәселелер бар екенін көрсеткенін айтты.

Біз жедел шара қабылдап, жем-шөп тапшылығына байланысты ахуалды реттедік. Дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек. Жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн. Сондай-ақ егіс алқабына әр жылы әр түрлі дақыл егу талабын сақтау үшін тиісті бақылауды күшейткен абзал. Ғарыштық мониторинг және қашықтан зондтау мүмкіндігін кеңінен қолдану керек. Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды. Қазір мал жаятын жерге шарулардың қолы жетпей жүр. Мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып бұл мәселені шеше алмай отыр, — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс екенін атап өтті.

Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсететін қолдау тәсілдері жеке қосалқы шаруашылықтар туралы бөлек заңда көрініс табуы керек, — деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс.