Басты бетБілімЖоғары оқу...

Жоғары оқу орындарына қойылатын талап өзгерді

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова бұрын-соңды «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша оқытушылардың 45%-ында ғылыми дәреженің болуы міндетті болса, ал қазір бұл көрсеткіш кемінде 50%-ды құрайтынын айтты.

Бұдан басқа, жоғары оқу орындары дуалдық оқыту жүйесін енгізіп, іске асыруы қажет. Яғни, студенттер білім беру ұйымдарында тәжірибеден өтіп, жоо-да оқу кезінде практикалық дағдыларды алуы тиіс. Ол үшін университеттер білім беру ұйымдарымен және салалық мекемелермен тығыз байланыста болуы қажет, − деді ол.

Былтыр педагогтерді даярлау бойынша талаптар енгізілген. Атап айтсақ, білім беру бағдарламаларының педагогтің кәсіби стандартына сәйкестігі және бейінді бағыт бойынша кемінде 7 лицензияның болуы қажеттігі туралы. Бұл педагогикалық бағыттар бойынша білім беретін жоғары оқу орындарының санын 86-дан 55-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осы талаптарға сәйкес келетін жоғары оқу орындарының саны одан да аз болғандықтан, лицензияларды қайтару бойынша жұмыс жалғасатын болады. Мұндай жаңашылдықтардың нәтижесінде педагогтерді сапалы білім беру бағдарламалары мен білікті оқытушылар құрамы бар, сондай-ақ тиісті материалдық-техникалық базамен жабдықталған университеттер ғана дайындайтын болады.

«Денсаулық сақтау» бағытына келетін болсақ, оқытушылардың құрамы мен дәрежесі бойынша талаптар өзгеріссіз қалды. Бірақ енді бейінді пәндерді жүргізетін оқытушылардың 50%-ында Денсаулық сақтау ұйымдарында кемінде 5 жыл практикалық және клиникалық жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы оқытушыларға мұндай талаптар қойылмаған. Бакалавриат түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші олардың жалпы санының кемінде 80%-ын құрауы тиіс, ал бұрын 50% жеткілікті еді, – деді комитет төрайымы.

Бұдан басқа, ол «Сәулет және құрылыс» бағыты бойынша оқытушыларға кемінде 5 жыл практикалық жұмыс тәжірибесінің болуы туралы талап алғаш рет енгізіліп отырғанын жеткізді.

Мұндай оқытушылардың саны педагогтердің жалпы санынан 50%-дан кем болмауы тиіс. Сонымен бірге оқытушылар кемінде 5 жылда бір рет ғылыми-зерттеу, іздестіру, жобалау және өндірістік ұйымдарда біліктілігін арттыруы қажет.

Жоғары оқу орындарында енді мамандандырылған аудиториялар (құрылыс материалдары мен құрылыс физикасы бойынша, студиялық сабақтар үшін, гипс фигуралар қоры бар макеттік шеберхана, сәулет бөлшектері, мольберттер және т.б.) және арнайы материалдары бар 3D-принтерлермен жабдықталған зертханалардың болуы талап етіледі, – деді Гүлзат Көбенова.

Ал «Құқық» бағыты бойынша студенттерге жыл басынан 72 ЖОО білім берді, бүгінде олардың саны 67-ге дейін қысқарған. Дегенмен, олардың көпшілігінде білім сапасы көңіл көншітпейді. Сондықтан олардың білім беру бағдарламаларына қойылатын талаптар күшейтілді.

Бұл орайда Гүлзат Көбенова алғаш рет оқытушылардың кем дегенде 60%-ы кемінде 5 жыл тәжірибесі бар заңгерлер болуы керек деген талап енгізілгенін еске салды.

Айта кетейік, ғылыми дәрежеден өткен оқытушылар саны 50%-ға дейін өсуі тиіс. Бұрын-соңды бұл көрсеткіш 40%-ды құрайтын.

Студенттердің практикалық дағдыларды алу мүмкіндігі болуы үшін жоғары оқу орындарында әділет және/немесе ішкі істер органдарымен (полициямен) және/немесе прокуратурамен және/немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен және/немесе экономикалық тергеу қызметімен және/немесе адвокаттар алқасымен және/немесе нотариаттық палаталармен және/немесе заң консультанттары палаталарымен келісімшарт болуы қажет. Студенттер тек университеттердегі кітапханаларға ғана емес, сонымен бірге лицензияланған халықаралық және ұлттық құқықтық ақпарат қорына да қол жеткізе алуы тиіс, – дейді ведомство өкілі.

Гүлзат Көбенова барлық жаңашылдықты жоғары оқу орындары білім алушыларға теориялық қана емес, практикалық білім беруі үшін және студенттер таңдаған мамандығын туралы теория бойынша емес, тәжірибе жүзінде игеруі үшін енгізетінін атап өтті.

Өзгерістерді енгізбес бұрын, біз бұл тетіктерді болашақта ЖОО түлектерін жұмысқа қабылдайтын жұмыс берушілермен талқыладық. Яғни қазір оқытушылардың ғылыми дәрежесінің болуы және олардың дәріс оқуы жеткіліксіз. Оқытушылардың бір бөлігі студенттерді қазіргі еңбек нарығының сұраныстарына сай оқыта алатын тәжірибелі мамандар болуы маңызды. Оқытушы жұмыс істейтін саласына сәйкес сабақ беруі тиіс. Сонда студенттеріміз өздерінің әрі қарайғы жұмысында қолданылатын білім мен дағдыларға ие болады. Жаңашылдықтар оқытушылар құрамына да, білім беру бағдарламалары, практика базалары және материалдық-техникалық жарақтандыруға да қатысты. Осы кешенді өзгерістердің барлығы оқыту сапасы мен кадрларды даярлау процесін жақсартуға бағытталған. Бірінші кезекте, бұған жоғары оқу орындарының өздері мүдделі болуы тиіс, – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы.

Сонымен қатар ҚР БҒМ «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Мейрамхана ісі», «Бухгалтерия», «Туризм», «Қызмет көрсету», «Қаржы», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Стандарттау және сертификаттау», «Көлік қызметтері» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша талаптарды өзгертті. Мысалы, егер бұрын журналистика немесе IT саласындағы оқытушылардың кемінде 40%-ында ғылыми дәреженің бар болуы талап етілсе, ендігі кезекте білім беру процесіне тәжірибесі бар мамандарды тарту үшін дәрежелілік пайызы айтарлықтай төмендеді. Штаттағы оқытушылардың болуына қойылатын талаптар бойынша да өзгерістер енгізілді. Енді осы бағыттар бойынша дайындықты жүзеге асыратын жоғары оқу орындары практиктер мен жұмыс пен оқыту процесін қатар алып жүретін мамандарды тарту мүмкіндігіне ие болды.

«Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Мейрамхана ісі», «Туризм» және т.б. бағыттар бойынша кадрлар даярлаудың ерекшеліктеріне сәйкес, біз бұл салаларда оқытушылардың ғылыми дәрежелерінің болуы жөніндегі талапқа басымдық берілмейтінін түсінеміз.

Мамандардың практикалық білімі әлдеқайда маңызды. Мәселен, өз тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі журналистика саласында мамандарға қойылатын талаптар туралы айта алатын тәжірибелі журналист сабақ берсе, журналистика факультетінің студенттері оқуға көбірек қызығушылық танытады. Бұл бағдарламашылар, бухгалтерлер немесе аудиторларды даярлауға да қатысты. Жұмыс берушілер арасында жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сай мамандар сұранысқа ие екенін білеміз, – деді  министрлік өкілі Гүлзат Көбенова.