Маңғыстауда құрылыс компаниясының мердігерлері күдікке ілінді

Енді Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.

Агенттіктің мәліметінше, жедел-тергеу іс-шаралары барысында 2017 жылы «Бейнеу аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі және мердігер ұйым арасында Бейнеу ауданына қарасты Сарға ауылында 477,6 миллион теңге сомасына су тазартқыш қондырғысы мен ауыларалық су құбыры құрылысына мемлекеттік сатып алу шарты жасалғаны анықталды.

Сот-құрылыс сараптамасының қорытындысына сәйкес атқарылмаған жұмыстардың сомасы 203,6 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінің және құрылыс саласындағы мердігерлік ұйымдардың басшылары тұлғасындағы күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды, − дейді ҚРР ҚМА баспасөз қызметі таратқан хабарламада.