Біз қараған екі науқастың жағдайы ауыр болып отыр. Санитарлық авиация мамандары емдеуді жолға қойған. Қазір күю дәрежесінің жоғарылығына байланысты науқастарда шок күйі тіркеліп отыр. Барынша медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай тұрақтанды. Біз аталған науқастар жазылып кетеді деп үміттенеміз. Медициналық қажетті барлық процедура сол мақсатта жасалып жатыр, − деді ол.
Сонымен бірге ведомство басшысы науқастарды эвакуациялауға қатысты жағдайға қатысты пікір білдірді.
Науқастар шок күйінде болғанда, оларға тыныштық керек. Біздің дәрігерлер айтқандай, бұл жерде бұрыннан күйік шалуды емдейтін бөлім жұмыс істейді. Мамандардың тәжірибесі мол. Сондықтан өңірде де науқастарға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Нұр-Сұлтаннан медицина мамандары келді. Олар емдеу тәжірибесін қолдады. Қазір жағдай бақылауда. Қосымша көмек қажет болса, міндетті түрде көрсетіледі. Науқастар қан препараттарын қабылдап жатыр. Қан орталығында науқастарға құйылатын қан жеткілікті. Жаңа ғана оны өзіміз көріп шықтық, − деді министр.
Алексей Цойдың айтуынша, Нұр-Сұлтаннан тағы 3 маман оқиға орнына жеткен. Ал жансақтау бөліміндегі 5 науқастың жағдайы ауыр екенін айтты. Бұдан бөлек, қалған науқастардың жағдайы бірқалыпты екенін жеткізді.