Қарулы Күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, – деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан соңғы мәліметтер бойынша барлығы 9 адам қаза тапты. Оның ішінде ҚР ТЖМ, әскери бөлімнің, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар. Қаза болғандардың жеке басы және табылмай жатқан 2 адам туралы деректер анықталып жатыр.