Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жақын маңдағы елді-мекендерден Таразға, сондай-ақ Байзақ ауданының Сарыкемер және Кеңес ауылдарына 83 баланы эвакуациялады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша түнде оқиға орнына Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Е.Н. Иманғалиев барды. Сондай-ақ оқиға орнында Білім және ғылым министрлігінің білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаментінің өкілдері де жұмыс істеп жатыр.
Эвакуацияланған балаларға қажетті жағдайлар жасалды, олар ыстық тамақпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ұйықтайтын орындар карантин талаптарын ескере отырып жабдықталды.
Эвакуацияланған балаларға қолдау көрсету үшін БҒМ ата-аналарға балаларын «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберуді ұсынды. Орталықта барлық жағдай жасалған. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды орын алған төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылған.
Айта кетейік, балаларға жедел көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін Білім және ғылым министрлігі шұғыл түрде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желілердің жұмысын ұйымдастырды: Bala gorqau телеграмм-чат 8 702 564 21 68, 8 701 210 02 38, 8 717 274 25 28.