Бұл туралы Бауыржан Байбек заңды өкілі Айжан Тәшенова Facebook-парақшасында мәлімдеді.
Белгілі болғандай қазіргі таңда Жанболат Мамай мен Инга Иманбаеваға қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалған әрі мәжбүрлеп орындату бойынша шаралар қабылданып жатыр.
26 тамызда жеке сот орындаушысы Жанболат Мамай мен оның әйелінің шоттары мен мүлкіне ауыртпалық салды (шектеу қойылды). Осылайша оларға белгілі бір (нотариалдық) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынды. Жауапкер қаражат жинау үшін ұсынған Kaspi-дегі Жанболат Мамайдың жеке шотына да шектеу қойылды.
Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның шоттарынан сот шығындарын өтеу есебіне 170 895 теңге тұтастай мәжбүрлеп алынды. Жауапкерлердің шоттарына келіп түсетін барлық ақша Б.Байбектің талап-арызы бойынша берешекті өтеуге ғана жұмсалатын болады. Жауапкерлер ақшамен басқа ешқандай әрекет жасай алмайтын болады. Б.Байбектің өтініші бойынша сот орындаушысы Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан алынған барлық ақшаны аутизмі бар балаларды қолдау үшін бірден «Болашақ» корпоративтік қорының шотына тікелей аударады, — деп жазды Бауыржан Байбектің заңды өкілі Айжан Тәшенова.
Оның айтуынша, бұл әрекеттер ерікті түрде емес, мәжбүрлеу арқылы, заңда белгіленген рәсімдер аясында жасалынып жатыр.
Еске салайық, Жанболат Мамай мен Инга Иманбаева биыл көктемде Бауыржан Байбекке қатысты айыптаулармен әлеуметтік желіде видеоматериал жариялаған болатын.
Көп ұзамай Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары оларды сотқа беріп, өзінің ар-намысы мен беделін заң аясында қорғайтынын айтты. Сотта Жанболат Мамай мен оның әйелі жеңілді. Кейін өткен апелляциялық сот та бірінші инстанцияның шешімін өз күшінде қалдырды. Ал Жанболат Мамай мен оның жақтастары сот шешімін орындамайтынын жариялап, түрлі қитұрқы әрекеттерге барып отыр.