Өмірімде ең әуелі жазушылықты, қаламгерлікті аңсаған адаммын. Жас кезімнен сол ортада өстім. Көргенім солар. Абай ауданында Абай, Мұхтар, Шәкәрімнің рухында өскен ұрпақпыз. Сондықтан бала кезімнен ең алғашқы арман-мұратым — жазушы болу.

Жазушы адам, шынайы қалам ұстаған адам ешқашан қайраткерліктен кете алмайды.

Бағдарламаларым қазақ деген халықтың жаны мен қанының негізінде жасалды.

Үнемі жаңа бірдеңе айтқым келеді, жаңа дүние көрсеткім келеді.

Бүгінге дейін тіл саласынан қол үзген жоқпын. Өйткені қазақтың тілі өзінің биігіне, шыңына шығып болды деп айту қиын. Біз ғана емес, әлі талай ұрпақ бұл жолда күресуі керек.

Қанша іс істей алдым, қанша бітірдім, оны халық айтар. Бірақ өкінішім де аз емес. Әдебиетте, телевизия өнерінде, тіл саласында істей алмағаным аз емес. Ұқсата алмай кеткен, көкіректегіні айта алмай кеткен кездерім болды. Өкінішсіз өлім жоқ. Бірақ бір адамның өміріне жетерліктей қызмет атқардым. Арым таза, аянып қалған жоқпын.

Халқының саны, елінің байлығы, рухани дүниесі — барлық жағынан ең көп құрбандық берген халық бізбіз. Бірақ қазақ қоғамы — бүкіл түркі жұртының атамекені, асылы. Бұл дүние ешқашан жойылған емес. Болашақта бұл қасиетіміз қайта түлейтін болады.

Өмірімнің 60 жылға жуығы көгілдір экранда өтті. Хат танығанда кітапқа қалай қарасам, одан кейінгі өмірімде көгілдір экран арқылы дүниені танып-білдім. Көгілдір экран арқылы ойымды жеткізуді, халықпен байланысуды, жұрттың мұң-мұқтажын, көңіліндегі ойын түсінуді үйрендім. Сол себепті кітап пен көгілдер экран мен үшін бірдей қымбат. Бірдей қадірлі әрі қастерлі. Екеуі екі қанатым секілді. Екеуі — шабыт беретін, жанымды да қинайтын, ойымды да білдіретін орта.

Бұрын телевизия туралы теріс пікір өте көп еді. Дәсстүрді бұзушы, адам мен адамды қоспайтын, туған-туысты айыратын зиянкес деп ойлады. Мәдениеттің, театр, кино өнерін жұтып қоятын жаңа жалмауыз деген сөздер де жазылды. Тіпті Израиль мемлекеті телевизияны кіргезбеу туралы заң шығады. Сол уақытта азаттық ала бастаған Африка, Азия елдері телевизияны ғажап санап, пайдалана бастады. Соның құдіретімен, күшімен аз жылдың ішінде халқының сауатын арттырды.

Телевизия жүргізушісі деген сөздің аясы кең. Бірақ жүргізуші болу әркімнің бойына біте беретін қасиет емес. Жүргізуші деген сахнаға шығып, беті жылтырап, жұрттың жаттап алған сөзін айту емес. Жазып берген сөзді айтатын адамды «жеткізуші» деп қана айтамыз. Ал енді шын жүргізуші өз кейіпкерімен тең отырады. Ол білгеннің біразын біліп отырады.

Телевизия микроскоп сияқты. Адамның бойындағы, бет-аузындағы, көзіндегі кемшілікті үлкейтіп көрсетеді. Адамның мінезін бірден ашады. Ірі планмен көрсеткенде, жалған сөйлейтін жасандысың ба, әлде шын айтатын білімді адамсың ба бірден білінеді. Ешкімді алдай алмайсың. Сол себепті көкірегіңде айтарың болу керек. Айтарың болмаса, үлкен алыптың жанындағы қуыршақ сияқтысың…

Сұхбат пен публицистика қайдан шықты? Бұл халықтың бойындағы шешендік өнерден шықты.

Ұрпақтар жалғастығы болмай, халықтың өмір сүруі екіталай. Оның өнері де дамымайды. Ұстазсыз шәкірт тұл, ал шәкіртсіз ұстаз да тұл.

Мен дінді ұстанған адам емеспін. Атеист те, коммунис те болдық. Бірақ жүрегімнен ешқашан Құдайға деген сенім кеткен емес. Өйткені ол дүниені кішкентайымнан анам санама сіңіріп қойған еді. Сондықтан кез келген ортада, жақсылыққа жеткенде, қиналған кезде, біреудің опасыз әрекетін көргенде, әлдебіреудің жамандығын сезгенде ішімнен бір Аллаға сыйынамын.

Жас болса талайға келді. Әрине, өлімді ойламай тұрмайсың. Өйткені күні кеше ғана өзіммен 55 жыл тұрған жұбайым көз алдымда өмірден өтті. Соны көріп отырып, өмір дегеннің сонша жылдам екеніне, ал өлімнің оп-оңай келетініне көзім жетті.

Адам тәубе деуі керек. Ұрпағым, жақсы балаларым бар. Қанша өмір сүреміз, соған да тәуба. Аз ба, көп пе, бастысы халқыма еңбегім сіңді.

Материал Qazaqstan арнасына, Білім және мәдениет арнасының Youtube-каналына, Жетісу арнасына жарияланған сұхбаттар бойынша дайындалды.