Әнипа Ташеева — екі баланың анасы. Отбасымен ауылда тұрады. Жұмыссыз. Биыл ұлы дайындық класына барады екен. Мектептегі мұғалім балаға қажет заттардың тізімін беріпті. Алу керек дүние аса көп емес секілді, бірақ респондентіміз дайындық класының өзіне біраз қаражат кеткенін айтып отыр.
Биыл тұңғышым мектеп табалдырығын аттайды. Қуанышпен қатар толқу, қорқыныш бар. Пандемия кезінде сабақ қалай жүреді? Оның үстіне маска тағып, антисептик қолданатыны бар. Не болса да, баламызды барынша дайындап жатырмыз. Керек киім-кешекті Түркістанның базарынан алдық. Онда таңдау көп әрі арзанырақ, — дейді Әнипа.
Әнипа дайындық класына баратын баланың керек-жарағына 59 500 теңге жұмсапты:
- Жеңі ұзын ақ жейде – 7500 теңге
- Жеңі қысқа ақ жейде – 2500 теңге
- Шалбар – 4500 теңге
- Туфли – 6000 теңге
- Спорт киімі – 12 000 теңге
- Кроссовка – 6500 теңге
- Сырт киім – 6000 теңге
- Портфель – 4500 теңге
- Іш киім, шұлық – 3000 теңге
- Құрал-жабдықтар – 5000 теңге
- Маска, антисептик – 800 теңге.
- Үш дана файл – 1200 теңге
Мұғалім 20 дәптер, сурет дәптері, түсті қағаздар, ермексаз, түрлі-түсті қарындаш, қаламсап, өшіргіш, сызғыш, қайшы, желім алуын сұрапты. Құрастырғыш ойыншық тағы керек екен. Әнипаға осы заттың бәрін алу үшін қалаға бару керек. Жолға тағы 3000 теңгедей төлейді.
Сабаққа керек-жарақты бір жерден алдым. Сатушы аздап бағасын түсірді, оның үстіне әр жерден іздеп сандалмадым, — дейді ол.
Бұл отбасыда тек бір адам жұмыс істейді. Сондықтан Әнипа жолдасының айлығынан алдын-ала азын-аулақ қаражат жинап отырғанын айтады. Келесі жылы 1-класқа барғанда бұдан да көп сома қажет болады деп отыр.
60 мың теңге — ауылда тұратын, дайындық класына баратын бір балаға кеткен қаражат. Көпбалалы отбасыларда мектепке дайындық, әрине, біраз ақшаны қажет етеді.
Ал Алматы сияқты мегаполисте оқитындарға 60 мың тек бастапқы керегіне ғана жетеді. Мысалы, Махаббат Cахтанова 1-класқа баратын қызының киімі мен негізгі құралына ғана 55 мың теңге кеткенін айтты. Мұның бәрін ол барахолкадан алған.
Былтыр бәрі онлайн оқығанда қызым дайындық класына жазылды. Үйден оқиды ғой деп ештеңе алғым келмеген. Бірақ әжесі «Мектепке баратынын сезінсін» деген соң кәдімгідей әзірлендік. Жаңа киімді киіп көрді, фотоға түсті. Бірақ мектепке бармады. Биыл оның бәрі сыймай қалды. Тек портфелі жаңа күйде тұр, — дейді Махаббат.
Портфель мен жеңі қысқа жейде алмай үнемдегеннің өзінде Махаббат Сахтанова басты-басты заттарды алуға 55 700 теңге жұмсапты:
- Жеңі ұзын ақ кофта – 6000 теңге
- Белдемше – 6000 теңге
- Туфли – 7000 теңге
- Спорт киімі – 13000 теңге
- Кроссовка – 7000 теңге
- Бантик – 1000 теңге
- Іш киім, шұлық – 4000 теңге
- Керек құралдар – 10 700 теңге
- Маска, антисептик – 1000 теңге
Базарда біраз дүние қымбат екен. Ұзақ аралап жүріп, орташа бағадағы киімдерді алдым. Былтыр мектепке деп тауар сататындар сауда жасай алмаған еді. Биыл баға өсімті. Әлі кітаптары мен арнайы дәптерлерін аламыз, — дейді ата-ана.
Бұдан бөлек мектепке ай сайын 25 мың, жылына 225 мың теңге төлейді екен. Құрал-жабдық 1-2 тоқсанға жетеді деп санағанда, алматылық оқушыны дайындау үшін 300 мыңның үстінде ақша қажет.
Махаббат Сахтанова үш баламен үйде отыр. Жолдасы ғана жұмыс істейді. Жаз бойы мектепке деп ақша жинапты. 1-класқа осынша жұмсалса, кейінгі жылдары бұдан да көп кететін болар алаңдайды.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл 1 қыркүйекте 3,5 миллионнан астам бала мектепке оралады. Ел бойынша 7 475 мектеп жұмыс істейді.
Еске салайық, үш жыл бұрын дайындаған материалымызда Алматы тұрғыны Феруза Мұсаханова екі ұлына 94 мың теңге жұмсаған еді.