MENAR халықаралық кинофестивалі — Балқан түбегіндегі ең ірі мәдени оқиғалардың бірі. Фестиваль жыл сайын көрермен қауымды мұсылман әлемінің дәстүрі мен мәдениетін паш ететін фильмдермен таныстырады. Фестивальдың бағдарламасы аясында Қиыр Шығыста, Орталық Азия елдері және Солтүстік Африкада түсірілген үздік көркем, деректі және қысқаметражды фильмдер де көрермен назарына ұсынылмақ. Қазақстандық картиналар 14 қаңтар күні «Еуросинема» кинотеатрында ағылшын тіліндегі субтитрлармен көрсетілетін болады.
Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Аманат» фильмі Кенесары ханның азаттық қозғалысы туралы тарихи монография жазып, сол үшін қудаланған көрнекті ғалым Ермұхан Бекмахановтың тағдыры туралы. Ол 2015 жылы түсірілген. Фильм 2016 жылы «Оскар» жүлдесінің «Ең үздік шет тіліндегі фильм» таңдалымына ұсынылған болатын.
Ал Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі көрерменге жол тартқалы бірқатар аламан бәйгелерде бақ сынап үлгерді. Былтыр алғашқы ұлттық «Тұлпар» кинобәйгесінде фильм авторлары үздік деп танылды. 2016 жылдың қыркүйегінде XII Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің конкурстық бағдарламасында көрсетіліп, Уфада өткен III халықаралық «Күміс Ақбозат» ұлттық және этникалық кинофестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген.