Пандемияның қайтадан етек алуына байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыс өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыстар ең алдымен жастарға жол ашады», деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский.
Вице-президенттің айтуынша, атаулы жарыс ATP-ның жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген. Оған қоса, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы доданың деңгейін жоғары бағалапты.
Astana Open жарысынан бір аптадан кейін Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлер іріктеу сайыстарына жолдама алады. Astana ашық біріншілігіне Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтер қатысады. Ал Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев секілді жастар ел чемпионаты арқылы бақ сынайды.
Айта кетерлігі, ұйымдастырушылар балаларды шектеулі құрамда кортқа кіргізуді жоспарлап отыр. Ең алдымен олар барлық санитарлық талапқа сәйкес ПТР тест тапсырады. Сөйтіп балалар сүйікті теннисшілерінің ойындарын өз көзімен көре алады. Өкінішке қарай, ересек жанкүйерлер жарысты тамашалауға жіберілмейді. Осыған орай Қазақстан теннис федерациясы барлық матчтарды ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарында көрсетуді қарастырып отыр.